Күн жылығалы Маңғыстау өңірінде 23 адамды қарақұрт шағып, оның алтауы орталық аурухананың жансақтау бөліміне түскен.
Арасында балалар да бар. Мамандардың айтуынша, биыл жауын-шашын мол болғандықтан улы жәндік ерте оянып, тез көбейген.
Мұнайлы ауданының тұрғынын мал жайып жүрген кезде қарақұрт шағып алған. Жұпар Сүйетованың жағдайы күрт нашарлап, жақындары жедел жәрдем шақыртқан. Қазір жағдайы тұрақты. Дәрігерлер қарақұрт уына қарсы ем жасап жатыр.
Жұпар Сүйетова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
- Спирт жақтым, болмады. Қол-аяғым ұйып, жедел жәрдем шақырттым. Жансақтау бөліміне бір күнге жатқызды. Аман-есен көзімді ашқызып, палатаға ауыстым.
Жанар Досжанова , облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
- Соңғы 10 күнде қарақұрт шаққан екі бала түсіп отыр. Екі бала да бізде жансақтау бөлімінде болды. Алғашқы көмек көрсеткеннен кейін үш сағаттың ішінде аурулардың белгілері басылды. Қазір бөлімшеге ауыстырылды.
Бір айдың ішінде Маңғыстау, Мұнайлы және Бейнеу ауданының тұрғындарын қарақұрт шағу дерегі тіркелді. «Қарақұрт – әлемдегі ең қауіпті өрмекшінің бірі. Оның уы бірден адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Жүрегі жиі соғып, ентігеді. Шұғыл медициналық көмек көрсетпесе, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін», - дейді эпидемиолог мамандар. Олар, әсіресе балалардың жазғы лагерлерінде қауіпсіздікті күшейту керектігін айтады. Жалпы шаруашылықтар, жеке қора-жайлар мен өзге де нысандарда жәндікті жою шараларын меншік иесі өз қаражатына жүргізеді.
Мадина Рахметова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Адамда қатты ауырсыну, бұлшықеттердің құрысуы, әлсіздік пен дене қызуының көтерілуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда, қарақұрт шаққан жағдайда дереу жақын орналасқан медициналық ұйымға, алғашқы медициналық көмекке жүгіну қажет.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Эпидемиологтар тұрғын үй ауласы, қора-жайда дезинсекциялық өңдеу жүргізуге кеңес береді. Далалық алқапта жүрген уақытта жабық аяқ киім кию қажеттігін ескертеді. Балаларды бақылаусыз қалдырмай, табиғат аясындағы демалыс кезінде барынша сақ болуға шақырады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Маңғыстау облысы #қарақұрт #аурухана #жансақтау бөліміPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz