Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігінде елімізде ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы үздік медициналық ұйымдар марапатталды. Заманауи технологияларды енгізіп, жоғары сапалы медициналық көмек көрсетіп жүрген перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларына министрлік тарапынан құрметті марапаттар берілді, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство өкілдерінің айтуынша, ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді. Сондықтан кәсіби байқау аясында осы бағытта елеулі үлес қосып жүрген медициналық ұйымдарға ерекше назар аударылған.
Конкурс қорытындысы бойынша «Беделді перзентхана» атағы үш медициналық ұйымға берілді. Олардың қатарында Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық аурухана, Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығы және Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы бар.
Аталған мекемелер жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді.
Сондай-ақ «Беделді балалар ауруханасы» номинациясы бойынша үш медициналық ұйым үздік деп танылды. Олардың ішінде Түркістан облыстық қалалық балалар ауруханасы, Алматы қаласындағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы және Астана қалалық №3 көпбейінді балалар ауруханасы бар.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова:
«Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы жоғары нәтижелердің негізінде медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі, заманауи технологиялар және денсаулық сақтау жүйесін үздіксіз жетілдіру жатыр. Бүгін біз болашақ ұрпақтың денсаулығына күн сайын қамқорлық жасап жүрген ұжымдардың еңбегін атап өтеміз», – деді.
Министрліктің мәліметінше, ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін дамыту алдағы уақытта да мемлекеттік саясаттың маңызды басым бағыттарының бірі болып қала береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Денсаулық сақтау министрлігі #марапат #үздіктерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz