RU
Толық нұсқаға өту
Фото: жеке мұрағаттан

7 келілік қорғасын киім мен секундтық шешім: хирургияның көрінбейтін қиындығы

19.06.2026, 16:40 47

Астанадағы №2 көпбейінді қалалық ауруханада күн мен түннің айырмасы жиі білінбейді. Мұнда әр минут – бір өмір, әр шешім – бір тағдыр, деп хабарлайды «24KZ».

Біз ангиографиялық зертхана бөлімінің меңгерушісі, рентгенэндоваскулярлық хирург Марат Құрбанғалиұлы Әлихановпен әңгімелескен едік. Ол ашық жүрекке жасалатын операция мен скальпельсіз, тамыр арқылы жасалатын заманауи оталардың арасындағы «көрінбейтін революцияны» өз көзімен көріп, қолымен жасап жүрген мамандардың бірі.

 ТӘУЕКЕЛ МЕН ТАҢДАУ

— Марат Құрбанғалиұлы, көпшілікке «рентгенэндоваскулярлық хирургия» термині таңсық көрінуі мүмкін. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

— Бұл — ХХ ғасырдың соңына қарай қарқынды дами бастаған заманауи сала. Оны ангиохирургия, рентгенхирургия немесе интервенциялық кардиология деп те атайды.

Мен 2005 жылы Астана медицина университетін бітіріп, балалар хирургиясы бойынша интернатураны тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды Қызылорда облысы, Шиелі аудандық ауруханасында бастап, реанимация бөлімінде жұмыс істедім. 2013 жылы елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың қарқынды терапия бөліміне кардиолог-реаниматолог болып орналастым. Міне, осы кезден бастап рентгенэндоваскулярлық хирургияның қыр-сырына қанығып, қызығушылығым оянды. Содан 2015 жылы қайта даярлаудан өтіп, осы салаға ауыстым.

Ангиографияны жүрек-қан тамырлары ауруларымен байланыстырады. Алайда сіздің бөлімде кардиологиядан бөлек қандай бағыттар бойынша жоғары технологиялық оталар жасалады?

—Расында, көпшілік ангиографияны тек жүрек-қан тамырлары ауруларымен байланыстырады. Алайда біздің бөлімде кардиологиядан бөлек бірнеше бағыт бойынша жоғары технологиялық оталар жасалады. Атап айтқанда, инсульт орталығымен бірлесіп ми қан тамырларына қатысты эндоваскулярлық араласулар жүргіземіз. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары хирургиясы, аритмология, торакалдық хирургия, урология, жалпы хирургия және гинекология салаларында да аз инвазивті емдеу әдістері қолданылады.

Жалпы операциялардың басым бөлігі қай ауруларға тиесілі?

— біздің зертханада өткен жылы 6 мыңға жуық операция жасалды. Соның 67 проценті жүрекке жасалған екен.

СКАЛЬПЕЛЬСІЗ ОТА: ЖҮРЕКТІ АШПАЙ ЕМДЕУ

 — Көпшілік «жүрекке ота жасау» десе, кеуде қуысын тіліп жасалатын операцияны елестетеді. Ал сіздердің аз инвазивті оталарыңыздың ерекшелігі неде?

— Ашық отада науқасқа жалпы наркоз беріліп, кеуде қуысы ашылады, жүрек уақытша тоқтатылып, жасанды қан айналымы аппараты қосылады. Одан кейін қалыпқа келу процесі де ұзақ жүреді.

Ал біздің әдісте скальпель қолданылмайды. Біз теріні кеспейміз, тек кішкентай инемен тесіп кіру арқылы қан тамырының ішіне катетер жібереміз. Тарылған немесе бітелген тұсты анықтап, ангиопластика жасап, стент қоямыз. Ең бастысы — науқастың жүрегі тоқтамайды, аппараттарға қосылмайды және жалпы наркоз берілмейді. Ота кезінде пациентпен сөйлесіп жатамыз және ол ауруханадан тез шығады.

ЖҮРЕК АУРУЛАРЫ НЕГЕ ЖАСАРЫП БАРАДЫ?

— Соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары ауруларының айтарлықтай жасарып кеткені жиі айтылады. Мұның басты себебі неде?

 — Иә, соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары ауруларының жасарып бара жатқаны байқалады. Бұрын бұл дерт көбіне 60–70 жастан асқан адамдарда кездессе, қазір 30–40 жастағы азаматтарда жиі анықталып жүр.

Оның негізгі себептері – дұрыс тамақтанбау, тағам сапасының өзгеруі, өмір салтының бұзылуы, аз қимылдау, темекі шегу және тұрақты күн тәртібінің болмауы. Бұдан бөлек басқа да қосымша факторлар әсер етеді.

Көбіне жастар алғашқы белгілерге мән бермейді. Ал физикалық күш түскенде төс арты, жүрек тұсы немесе сол жауырын асты қысып, ашып-күйіп ауырса — бұл жүректің алғашқы дабылы. Көп адам жұмыстың көптігін сылтау етіп, ауруды асқындырып алады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі ұсынатын тегін скринингтік бағдарламалардан уақытылы өтіп тұру өте маңызды.

 МИЛЛИМЕТР – ӨМІР МЕН ӨЛІМНІҢ АРАСЫ

— Ота кезінде ауыр қорғасын киім киетіндеріңізді білдік. Мұндай физикалық жүктемеге қалай төтеп бересіздер?

— Біз отаны үздіксіз рентген сәулесін шығарып тұратын «Ангиограф» аппаратының көмегімен жасаймыз. Дәрігер рентген сәулесінің тікелей астында бірнеше сағаттап тұруға мәжбүр.

Сол сәуледен қорғану үшін салмағы 6-7 келі болатын, ішіне қорғасын құйылған арнайы киім киеміз. Елестетіп көріңізші: үстіңізде 7 келілік жүк, хирургиялық тазалықты сақтай отырып, рентген сәулесінің астында аппаратты басқарасыз және адам өмірі үшін қас қағым сәтте шешім қабылдайсыз. Отадан шыққанда дәрігер моральдық әрі физикалық тұрғыдан қатты шаршайды. Бірақ алдыңда адам өмірі тұрғанда, жеке басыңның шаршағанын мүлдем ұмытып кетесің.

— Бұл салада қолдың дәрілдемеуі мен миллиметрлік дәлдік қаншалықты маңызды?

— Бұл өте маңызды. Біз көлемі 2,0 миллиметрден 5,0 миллиметрге дейінгі өте жіңішке артериялармен жұмыс істейміз. Егер диаметрі 3,0 мм болатын тамырға абайсызда 4,0 мм стент қойсақ, тамыр жыртылып, қан кету қаупі туындайды. Ал керісінше, 2,5 мм стент қойылса, ол толық ашылмай, ішінде қайтадан тромб түзіліп, тамыр бітеліп қалады. Сондықтан 1-2 миллиметрдің өзі үлкен рөл атқарады.

ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫНДАҒЫ АҚИҚАТ

— Күн сайын өмір мен өлімнің ортасында тұрған жандарды көресіз. Мұндай үлкен жауапкершілік адамды қалай өзгертеді?

— Ең алдымен, өмірдің қаншалықты нәзік екенін терең түсінесіз. Осыдан кейін тұрмыстағы ұсақ-түйек мәселелерге мән бермейтін боласыз. Адам сабырлылыққа үйренеді, дүниеге терең көзқараспен қарай бастайды. Әрбір секунд пен минуттың қадірін біліп, әр сәтті бағалайсыз.

— Есіңізде ерекше қалған, сізді толқытқан күрделі оталар туралы айтып беріңізші.

— Біздің аурухана шұғыл көмек көрсететіндіктен, мұндай оқиғалар жиі болады. Бірде таңғы сағат 05:00 шамасында бөлімшеде бір ер кісінің жүрегі тоқтап қалды. Жедел реанимация жасап, жүрек соғысын қалпына келтіре сала ота үстеліне алдық. Тексергенде оның ең үлкен LAD (алдыңғы құламалы артерия) тамыры тромбпен толық бітеліп қалғаны белгілі болды. Тромбыны алып, стент қою арқылы қан ағысын қалыпқа келтірдік. Келесі күні көршілері оны: «Сенің екінші рет туған күнің!» деп қуанып қарсы алды. Арада екі жыл өткенде сол кісіні ауруханадан көріп қалдым, ол бізді танымады, бірақ біз оның аман-есен жүргеніне шексіз қуандық.

Тағы бірде 70 жастан асқан анамыз инсульт диагнозымен өте ауыр халде түсті. Тексере келе бас ми артериясындағы аневризманың жыртылып, қан кеткенін көрдік. Ота алдында оның ұлы келіп: «Анамды аман алып қалыңызшы, біз Сізге үлкен үміт артамыз» дегенде, иығыма  жауапкершілік жүгі түсті. Ота сәтті өтіп, анамыз үшінші күні есін жиды. Міне, бес жылдан асты, сол отбасымен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз.

«ЖҰРТ ТЕЗ ҰМЫТАДЫ»: ДӘРІГЕРЛЕР АЙТПАЙТЫН МҰҢ

— Осы мамандықтағы көпшілік біле бермейтін ең үлкен қиындық не? Қоғам дәрігер еңбегін лайықты бағалап жүр ме?

— Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Қоғам дәрігерлерді құрметтейді, бірақ олардың еңбегі толық бағаланып жатыр деп айта алмаймын. Көп жағдайда дәрігерлерді қызмет көрсететін маман ретінде қабылдайды. Соңғы жылдары болған кейбір жағдайлар да соны аңғартады.Тағы бір жайт, қоғам көбіне емделіп кеткен соң дәрігерді тез ұмытады. Ал күрделі жағдайлар мен созылмалы аурулар есте қалады. Сондықтан дәрігерлердің жетістіктері көп жағдайда көзге түсе бермейді.

 Дәрігер – біреудің анасын, әкесін, баласын немесе жақынын аман алып қалуға тырысатын маман. Сондықтан олардың күн сайынғы моральдық жүгі мен жауапкершілігін түсініп, еңбегін лайықты бағалап қана қоймай, қорғау да қажет. Дамыған елдерде дәрігер мәртебесінің жоғары болуының бір себебі де осы.

«ОТБАСЫ – ЕҢ ҮЛКЕН ТІРЕК»

— Жұбайыңыз да медицина саласының маманы. Қарбалас жұмыс пен көпбалалы отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыздар? Бір үйде екі медицина қызметкерінің болуының артықшылығы мен қиындығы қандай?

— Жұбайымның да медицина қызметкері болғанына қуанамын, өйткені біз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Үйге кеш келу, кезекшіліктер сияқты жағдайларды басқа мамандық иелерінің түсінуі қиын болар еді.

Отбасымда қыздарым мен ұлым бар. Үйдегі тепе-теңдікті ұстап отырған — жарым. Мен де барынша көмектесіп, бос уақытымды отбасыма арнауға тырысамын. Жұмыста әріптестерімізбен «үйге кешкі кезекшілікке барып келейін» деп қалжыңдасамыз. Өйткені, шыны керек, үйдегіден қарағанда ауруханада өткізетін уақытымыз әлдеқайда көп.

 Бұл сала өте жылдам дамып жатыр. Жаңа технологиялар мен әдістерді меңгеруге уақыт жете ме?

 — Иә, дұрыс айтасыз, қазіргі таңда ғылым мен технология өте қарқынды дамып жатыр. Бұл сала үздіксіз оқу мен тұрақты ізденісті талап етеді.

 Біз еліміздің және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, түрлі конференцияларға қатысып, біліктілігімізді үнемі жетілдіріп отырамыз.

Мысалы, мамыр айында Германиядан келген белгілі профессор Аттила Ковач ауруханамызда шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ ауруханамыздың бас дәрігері Нұрбол Нұрланұлының бастамасымен үлкен қадам жасалып жатыр. Осы 2026 жылы Қытайдың Шанхай қаласындағы әлемге әйгілі «Ренджи» клиникасымен жаңа технологияларды енгізу бойынша меморандум жасасу үстіндеміз.

 «БАР ТІЛЕГІМ – АДАМДАР АМАН БОЛСЫН»

— Медицина қызметкерлері күніне орай тілегіңіз...

«Бірінші байлық — денсаулық» деп бекер айтылмаған. Барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Алдымызға келген әрбір науқас дертінен айығып, отбасына аман-есен оралсын. Еліміз тыныш болсын!

 — Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz