Қазақстанда алкогольдік және есірткілік мас болуды анықтайтын медициналық куәландыру рәсімдері енді міндетті түрде бейнежазбаға түсірілетін болады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің барлық өңірінде анонимді наркологиялық көмек көрсету кабинеттерін ашуды тапсырды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрлік мамандарының айтуынша, бүгінгі таңдағы негізгі мәселе - азаматтардың дәрігер көмегіне тым кеш жүгінуі. Көптеген адамдар диагноздың жария болуынан, ресми диспансерлік есепке алынудан және оның әлеуметтік салдарынан (жұмыстан айырылу, қоғамнан шеттетілу) қорқады. Соның салдарынан тәуелділікке шалдыққандар білікті медициналық көмексіз қалып, бейресми әрі бақылаусыз жұмыс істейтін орталықтардың жеміне айналуда.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің барлық өңірінде анонимді наркологиялық консультация беру кабинеттерін ашуды және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруды тапсырды.
Біздің міндетіміз - әрбір адамның айыптаудан немесе жеке мәліметтерінің жария болып кетуінен қорықпай, дер кезінде көмекке жүгіне алатын жағдай жасау. Тәуелділік – кәсіби медициналық көмекті қажет ететін ауру, оны стигматизациялауға (таңба басуға) негіз болмауы тиіс. Науқаспен жұмыс неғұрлым ерте басталса, оның қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Ресми статистика тәуелділік мәселесінің нақты ауқымын толық көрсете алмай отыр. Оған дәлел - мамандардың еліміз халқының шамамен 25%-ын қауіп тобына жатқызуы. Бұл азаматтар дер кезінде кеңес беруді, профилактикалық қолдауды және тәуелділік факторларын ерте анықтауды қажет етеді.
Осыған байланысты, министрлік жұмыс бағытын зардаптармен күресуден алдын алу форматына ауыстырмақ. Әсіресе жасөспірімдер мен жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Кәмелетке толмағандар үшін медициналық ақпаратты кодтау, жасыру жүйесі енгізіліп, анонимді кеңес алу мүмкіндігі кеңейтіледі.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына бейінді орталықтардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және қаржыландыруды ұлғайту жүктелді.
Алкогольдік және есірткілік мас болуды анықтайтын медициналық куәландыру рәсімдеріне бақылау күшейтіледі. Сараптамалардың шынайылығын қамтамасыз ету үшін процесті міндетті түрде бейнетіркеу енгізіледі;
Ел аумағындағы барлық наркологиялық тексерулер бірыңғай жұмыс стандартына көшіріледі.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл шаралар халықтың психикалық денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік жүйенің тиімділігін айтарлықтай арттыратынына сенімді.
Тегтер #Ақмарал Әлназарова #ДСМ #тәуелділік #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz