RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстан БҰҰ Тұрақты даму рейтингінде 67-орынға көтерілді

03.07.2026, 16:50 52

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу жөніндегі әлемдік рейтингте өз позициясын жақсартты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел 169 мемлекеттің ішінде 67-орынға ие болып, өткен жылмен салыстырғанда 3 сатыға жоғарылады, деп хабарлайды «24KZ».

Ең елеулі ілгерілеу денсаулық сақтау саласында тіркелді. Негізгі көрсеткіштер бойынша халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы артты, нәрестелер мен бес жасқа дейінгі балалар өлімі азайды, сондай-ақ туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі төмендеді.

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары халықтың өмір сапасын арттыруға, орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 17 жаһандық мақсатты біріктіреді. Соның ішінде №3 мақсат – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» негізгі басым бағыттардың бірі.

Қазақстан 2015 жылдан бері ТДМ-ды мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Қазіргі таңда ұлттық мониторинг жүйесі 280 индикаторды қамтиды, оның ішінде 205-і жаһандық, 75-і ұлттық көрсеткіштер. Денсаулық бағыты бойынша 29 көрсеткішке тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық индекс 14 негізгі көрсеткіш негізінде есептеледі. Олардың басым бөлігі бойынша Қазақстан оң динамика көрсетіп отыр.

Атап айтқанда, неонаталдық өлім көрсеткіші 9,3%-ға төмендеді, ал бес жасқа дейінгі балалар өлімі 2,1%-ға азайды.

Сондай-ақ бір жыл ішінде туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 36%-ға төмендеді.

Экологиялық факторлармен байланысты көрсеткіштер де жақсарған. Атмосфералық және тұрмыстық ауаның ластануынан болатын өлім-жітім 29%-ға қысқарды.

Сонымен қатар халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 0,3 жылға артты. 15–19 жас аралығындағы қыздар арасындағы жасөспірімдер жүктілігі де 12,7%-ға төмендегені байқалды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz