Операциялық бөлме, диагностика кабинеті және заманауи емдеу жабдықтары – мұның бәрі енді ұшақтың ішінде.
Алматыға медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы бар алғашқы ұшатын госпиталь жеткізілді. Қытайда құрастырылған С909 медициналық ұшағы Қазақстан-Қытай тауар көрмесі аясында көпшілікке таныстырылды. Әуедегі медициналық кешеннің мүмкіндіктері қандай?
Бекзат Үшкемпір, тілші:
- Әдетте ұшақ, жолаушылар мен жүк тасымалдайды. Ал мына әуе кемесінің басты міндеті – медициналық көмек көрсету. Бұның ішінде дәрігерлер науқасқа тек тексеру жүргізіп қана қоймай, қажет болған жағдайда хирургиялық операция да жасай алады. Байқағандарыңыздай мұнда ота жасауға арналған құрылғыдардың барлығы бар. Бұл дегеніміз медицинаның тағы бір сатыға жоғарылағанын білдіреді.
Әуе кемесі медициналық көмекті жедел жеткізуге арналған. Борт ішінде 1-санатты авиациялық операциялық бөлме, тексеру жабдықтары және телемедицина жүйесі орнатылған. Осы арқылы мамандар алыстағы әріптестерімен байланысып, күрделі жағдайларда қашықтан кеңес ала алады.
Сүндетқали Қалмаханов, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ, медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы:
- Бұндай жабдықталған ұшақтардың басты мақсаты, тұрғындарға жергілікті жерде қызмет көрсету, амбулаторлық деңгейде операция жасау. Өзіміз жаңа көріп шыққандай бұл ұшақ толықтай жабдықталған. Мысалыға, айтқанда Қазақстанның кез келген аймағына ұшып барып сол жердегі жергілікті халыққа көмек көрсетуге толыққанды мүмкіндігі бар.
Ұшатын госпиталь көз және құлақ, мұрын, тамақ ауруларына операция жасауға бейімделген. Сонымен қатар науқастарды тасымалдауға және төтенше жағдай кезінде мобильді медициналық орталық ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, заманауи әуе госпиталі медициналық инфрақұрылымы әлсіз өңірлерде де ерекше тиімді.
Чжоу Синьтао, Фудань Университеті жанындағы офтальмология және оториноларингология орталығының жетекшісі (ҚХР):
- Медициналық ұшақты таныстыру салтанантына келгеніме қуаныштымын және біз осы іс-шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге келісім-шартқа отырдық. Болашақта медициналық зерттеу жұмыстарын бірге атқаратын боламыз.
Айта кетейік, мұндай әуе госпиталі жоғары білікті медициналық көмекті кез келген жерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Әуе кемесінің осы үлгісі биыл Қытайда пайдалануға берілген. Ал Алматыдағы таныстырылым қос елдің денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасуына жол ашады.
Бекзат Үшкемпір, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #Қытай #авиация #Алматы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz