RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Khabar

«Балалар операцияға түскенде қатты толқимын»: Серік Ақшолақов дәрігер жауапкершілігі туралы айтты

08.07.2026, 12:38 33

Мыңдаған күрделі операция жасаған тәжірибелі нейрохирург үшін де ерекше толғаныс тудыратын сәттер болады. Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі нейрохирург, профессор, Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма басшысы Серік Ақшолақов «Хабар» арнасының YouTube арнасындағы «Aзамат LIVE» подкастында дәрігерлік жауапкершілік, заманауи медицина жетістіктері және балаларға жасалатын күрделі оталар туралы айтты, деп хабарлайды «24KZ».

80-ге жуық жаңа технология енгізілді

Ұлттық нейрохирургия орталығы 2008 жылы ашылғаннан бері еліміздегі күрделі медициналық көмектің жаңа деңгейіне көтерілді. Орталық мамандары әлемдік тәжірибеге негізделген заманауи әдістерді енгізіп, мыңдаған пациентке көмек көрсетіп келеді.

Ұлттық нейрохирургия орталығы 2008 жылы ашылып, сол ашылғаннан бері өзіміздің тәжірибемізге бұрын Орталық Азияда, Қазақстанда болмаған жаңа технологияларды енгізу біздің алдыңғы мақсатымыз еді. 80-дей түрлі жаңа технологияларды, оның ішінде бірнеше бағыт бойынша енгіздік. Күнделікті жұмысымыз отадан басталады. Қазіргі таңда орталықта жылына ондаған мың операция жасалады. Бүгінде күніне 18-20-дан астам операция жасалады, – деді Серік Ақшолақов.

Бүгінде орталықта 90 дәрігер еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – нейрохирургтар. Мамандар күрделі оталарды орындап қана қоймай, жаңа буын дәрігерлерін даярлауға да үлес қосып келеді.

Қазақстандық медицинаға сенім артқан шетелдік пациенттер

Серік Ақшолақовтың айтуынша, нейрохирургия саласындағы жетістіктер Қазақстанның медициналық туризм бағытындағы мүмкіндігін арттырды.

Бүкіл Қазақстан халқының науқастарына нейрохирургиялық көмекті толық тегін көрсету – алдымызға қойған үлкен мақсаттардың бірі. Сонымен қатар медициналық туризм арқылы көрші мемлекеттерге, шетел азаматтарына да көмек көрсетуге қабілетіміз жетеді. Бүгінде 500-ден астам шетелдік азаматқа түрлі операция жасадық, – деді профессор.

«Баланың алда үлкен өмірі бар»

Көп жылдық тәжірибесіне қарамастан, дәрігер үшін кейбір операциялар ерекше сезіммен қабылданады. Оның ішінде балаларға жасалатын оталар.

«Шыны айту керек, кей-кезде толқулар болады. Ол біріншіден жас балаларды алып келген кезде. Оның ішінде сәби балалар да бар. Оларға ота жасау – басқаша толқу. Бұл кезде жауапкершілік үлкен кісілерден де жоғары болады деп есептеймін. Себебі баланың алда үлкен өмірі бар», – деді Серік Ақшолақов.

Ұлттық нейрохирургия орталығында балалар бөлімшесі жұмыс істейді. Серік Ақшолақовтың айтуынша, орталықтағы балалар бөлімінде ми ісіктеріне жасалатын операциялардың біразын өзі атқарады. Оның пікірінше, мұндай сәтте дәрігерге тек кәсіби шеберлік емес, үлкен адамгершілік қасиет те қажет.

«Біздің орталықта балалар бөлімшесі бар. Сол бөлімшеде балалардағы ми ісіктеріне жасалатын операциялардың көбін өзім жасаймын. Себебі балаларға жасалатын ота – адамгершілік тұрғысынан да, медициналық кәсіби жауапкершілік жағынан да аса үлкен міндетті талап етеді. Өйткені бұл – балалардың өмірі, олардың болашағы», – деді ол.

Дәрігердің басты қасиеті – адамгершілік

Профессор дәрігердің басты қасиеті тек кәсіби шеберлікпен шектелмейтінін айтты.

«Мен бірінші кезекте жақсы дәрігер болу үшін адамгершілік қасиет керек дер едім. Екіншіден, кәсіби қабілет, алдына қойған жігер мен талап болуы қажет. Егер кәсіби білімі жоғары болып, жігері болса, бірақ адамгершілігі төмен болса, ол дәрігер үлкен жетістікке жете алмайды. Бұл қасиеттердің барлығы қатар жүруі керек. Оның барлығы тәрбиеге байланысты», – деді Серік Ақшолақов.

Дәрігер үшін пациенттің қоғамдағы орны маңызды емес. Алдындағы адамның өмірі – басты құндылық.

Алдыңа түскен науқас кім болмасын, ол өмірін саған тапсырған сәттен бастап сенің жауапкершілігің өте үлкен болады, – деді ол.

«Көмек сұраған адамға жауап бермеуге дәтім шыдамайды»

Белгілі дәрігер әлеуметтік желі арқылы көмек сұрайтын адамдардың өтінішін де назардан тыс қалдырмайтынын айтты.

«Кей-кезде танымайтын кісілер маған телефонға жазып жатады. Уақыт жоқ, шынын айту керек, барлығын оқуға. Бірақ көзіме түскенді оқығаннан кейін шыдай алмаймын. Не болса да көмегімді берейін. Ол маған шамалы болса да сеніп тұр. Осы көмектеседі-ау деп жазып тұр. Сондықтан көзім түссе, ондай жазбаларға жауап бермеуге дәтім шыдамайды», – деді Серік Ақшолақов.

Серік Ақшолақовтың айтуынша, қиналып тұрған, көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беру – әр азаматқа тән қасиет. Бұл – қазақ халқына тән жақсы мінез.

«Шын көңілімен көмек сұраған кісілерге біздің орталықтың көмектесуіне әр уақытта ықпал жасап отырамын. Бұл қазақ халқына тән қасиет деп ойлаймын», – деді профессор.

«Қорқыныш жоқ, бірақ жауапкершілік көп»

Нейрохирург мамандығы үлкен төзімділікті талап етеді. Әсіресе операция нәтижесі дәрігердің көңіл күйіне емес, оның кәсіби дайындығына байланысты.

Бүгінгі ота сәтті аяқталса, тіпті 6-7 сағатқа созылған операциядан кейін де хирург шаршамай шығады. Ал кейде қысқа уақытқа жасалған операцияның нәтижесі көңілдегідей болмаса, дәрігерге ол өте ауыр тиеді. Бірақ ертеңіне келесі науқасқа көмектесуің керек. Ол сенің бүгінгі көңіл күйіңе қарап тұрмайды, – деді Серік Ақшолақов.

Дәрігер күйзелісті жеңу үшін спортпен айналысатынын айтты. Оның сөзінше, физикалық және психологиялық дайындық хирург үшін өте маңызды.

Медицинадағы басты мақсат – адамның өмірін сақтау

Серік Ақшолақовтың айтуынша, заманауи технологиялар медицина мүмкіндігін арттырғанымен, оның негізінде әрдайым адам тағдыры тұрады.

Бүгінде Ұлттық нейрохирургия орталығы күрделі операциялар жасайтын жетекші медициналық ұйымдардың бірі. Ал оның басты мақсаты – пациентке сапалы көмек көрсетіп, адамның өмірін сақтап қалу.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz