Астана әуежайында аутизм белгілері бар балаларға арнайы жолақшалар тағылатын болды.
Жоба ерекше жолаушыларға сапар рәсімдерінен барынша жайлы өтуге мүмкіндік береді. Осылайша әуежай қызметкерлері қосымша қолдауды қажет ететін жандарды алдын ала анықтап, назарға алады.
Арнайы жолақ белгіні алу үшін жолаушылар әуежайдың анықтама бюросына жүгінуі тиіс. Қызметкерлер жолаушы туралы қажетті мәліметті енгізгеннен кейін оны тіркеу аймағына өткізеді.
Жанаргүл Жанысова, ақпараттық анықтама қызметкері:
- Ең бірінші бізге келеді ата-аналары ленталарын бәрін береміз, жазып аламыз, сосын тіркеу орнына кетеді, ол жерде лентамен келгенін көріп, кезексіз өткізіп жібереді, тексеру қызметінде де солай, кедендік бақылау, шекаралық бақылау, ұшаққа отырғызғанда да ұшаққа дейін қызметкер апарып отырғызады.
Балаларға смайлик бейнеленген белгі тағылса, ересектерге күнбағыс таңбасы беріледі. Жолақшаны жолаушылар әуежайдың анықтама бюросынан, тіркеу аймағынан және тексеру қызметінен ала алады.
Айта кетейік, бүгінде еліміздегі 17 196 балаға аутизм диагнозы қойылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 18,6%-ға көп. Бұған ең алдымен диагностиканың жақсаруы, ерте анықтау бағдарламаларының кеңеюі және медициналық көмектің қолжетімділігі себеп.
Аутистік спектрдегі бұзылыстарымен динамикалық бақылауға алынған бала саны
2025 жыл – 14 500
2026 жыл - 17 196 бала
Өсім себептері:
*Диагностиканың жақсаруы
*Ерте анықтау бағдарламаларының кеңеюі
*Медициналық көмектің қолжетімділігінің артуы
Диагноз көбіне 3-5 жас аралығында қойылады. Алайда оның алғашқы белгілері ерте жаста байқалуы мүмкін, дейді мамандар.
Дана Талапова, коррекциялық педагог:
- Ең бірінші белгілерін қоғамда баланың өзін өзі ұстауы, үйде, отбасының қасында өзін өзі ұстауынан байқауға болады. Ең маңызды екі белгісі бар: әлеуметтік коммуникативті дағдылардың бұзылуы, ал екіншісі стериотипті іс-әрекеттер, яғни қайталай береді белгілі бір іс-әрекеттерді.
Азамат Бақытбекұлы, мінез-құлық талдаушысы (АВА-маман):
- Aйқын көріністерін мінез-құлықтанушылар жақсы көре алады, мінез-құлықтарындағы өзгертістерін, дамуындағы, дағдыларындағы, тілдік түсінік, қарым-қатынастағы ерекшеліктерін байқауы бойынша. Сондықтан көбінесе ата-аналар сөйлейтін кезеңде немесе балалбақшаға баратын кезеңде ғана біліп жатады немесе ақпаратты өзі ізденіп немесе айқын көрінген кезде ғана қарастырады. 1 жасында, 1,5 жасында толық комплекс қарастыруда баланың дамуы бойынша мінез-құлық талдаушылары, қосымша мамандар болса, ертерек байқауға, жұмысты ертерек бастауға болады.
Мамандар егер диагноз 4 жасқа дейін анықталса, мінез-құлқын түзетуде жақсы нәтижеге жетуге болады дейді. Ол үшін халықаралық тәжірибені кеңінен енгізу керек.
Дана Талапова, коррекциялық педагог:
- АҚШтың тәжірибесінде ерте диагностика және ата-аналармен жұмыс жақсы дамыған. Себебі ерекше балалардың ата-аналары біз білетіндей әрқашан стресстік жағдайда болады, сол себепті оларға көмектсу ретінде оларда бұл жұмыс жақсы қолға алынған. Инклюзивті білім беруге робототехниканы олар жақсы қосқан, яғни бірлесіп жұмыс жасайды осы екі сфераны қосып және бізге де осы тәжірибені енгізсе жақсы болатын еді.
Аутизм сырт көзге бірден білінбейтін ерекшелік болғандықтан, ата-аналар көбіне қоғамның түсініспеушілігіне тап болады. 13 жастағы ерекше қыздың анасы Нүрия Балтабайқызы инклюзивті ортаның тек пандуспен шектелмейтінін және ақпараттандырудың маңыздылығын алға тартады.
Нүрия Балтабайқызы, Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығының төрағасы:
- Aқпараттандыру жетіспеушілігі деп ойлаймын ең бірінші мәселе, екінші үлкен мәселе глобалды проблема деп айтуға болады - ол Қазақстанда мамандардың жетіспеушілігі, тапшылығы. Тек логопед, дефектолог, психолог емес, бұл жерде озық тәжірибелерді Қазақстанға алып келу керек. Осы ғылыми дәлелденген методикалар бойынша мамандарды даярлау керек. Біздің ұсыныс – Қазақстанда озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп қарасақ, Менталды бұзылыстар бойынша Ұлттық Ресурстық Орталық қажет. Орталық Министрлік деңгейінен жоғары болу керек.
Мұндай орталық мамандарды оқыту мен заңнамалық базаны реттеуді қолға алуы керек. Autism Kazakhstan Ұлттық Қауымдастық төрағасының пікірі осы. Сонда ғана ерекше балалардың құқықтары қорғалып, олардың қоғамға бейімделуіне толық жағдай жасалмақ.
Бақыт Топтаева, Санжар Біргебаев
Тегтер #Астана #әуежай #аутизм #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz