Маңғыстау облысының тұрғындары енді иммуногистохимиялық зерттеу нәтижесін апталап күтпейді.
Облыстық онкологиялық диспансерде алғаш рет диагностиканың осы түрі жүргізіле бастады. Бұған дейін науқастардың биоматериалдары Алматы мен Астанадағы зерттеу орталықтарына жіберілетін. Енді қажетті тексеруден өңірден шықпай-ақ өтуге болады.
Наталья Воронинаға тік ішек обыры диагнозы 2024 жылы қойылған. 70 жастағы әйел емін Дубайда алған, ал қазір облыстық онкологиялық диспансерде бақылауда жүр. Көптеген пациенттер үшін әр күннің маңызы зор. Сондықтан ол иммуногистохимиялық зерттеудің енді Ақтауда жасалатыны туралы жаңалықты қуанышпен қабылдады.
Наталья Воронина, қала тұрғыны:
- Уақыт шектеулі. Сондықтан емді неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым жақсы. Бізге осы аппаратпен жұмыс істейтін маман келді. Бұл өте маңызды. Науқастар бұған өте риза.
Бұған дейін онкодиспансерде стандартты гистологиялық зерттеулер жүргізілген. Ол микроскоп арқылы қатерлі жасушалардың бар-жоғын анықтайтын. Ал иммуногистохимиялық зерттеу болса диагностиканың мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл әдіс ісіктің молекулалық түрін, қатерлі жасушалардың бөліну жылдамдығын, олардың түрлі емдеу тәсілдеріне сезімталдығын анықтауға көмектеседі. Соның негізінде дәрігерлер науқасқа ең тиімді ем тактикасын таңдайды. Жаңа жабдық тәулігіне 120 зерттеу жүргізе алады.
Бақтияр Болысбеков, облыстық онкодиспансер директорының орынбасары:
- Бұл кешен тек бір күннің ішінде бір ғана науқасты қарауға емес, бір күнде 100-ден 150-ге дейін зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тек бір адамның ғана емес, бірнеше адамның нәтижесін бір мезгілде көрсетуге қабілетті. Ең басты ерекшелігі – жаңа айтып өткенімдей, бұл кешен толығымен автоматтандырылған. Адамдық фактор толықтай шектелген. Соның нәтижесінде аппараттың көрсететін нәтижесінің дәлдігіне толық кепілдік беріледі.
Жыл басынан бері өңірде онкологиялық аурулардың 549 жаңа жағдайы анықталған. Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,5 пайызға көп. Дәрігерлер мұны скринингтік бағдарламалардың, консультативтік-диагностикалық орталық жұмысының және ашық есік күндерінің белсенді жүргізілуімен байланыстырады. Қазір диспансерлік есепте 6144 пациент тұр. Мамандардың айтуынша, ауру неғұрлым ерте анықталса, сәтті емделу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады. Онкологиялық диспансерді жаңғырту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Биыл күзде компьютерлік томограф, жаңа буындағы МРТ аппараты және заманауи эндоскопиялық жабдық жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Карина Хаберова, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев
Тегтер #диагноз #Маңғыстау облысы #онкологиялық диспансер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz