RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда «Құрметті донор» төсбелгісі бекітілді: оны алу талаптары қандай?

13.07.2026, 10:18 50

Қазақстанда қан донорларына арналған жаңа ведомстволық марапат пайда болды. Үкімет қаулысымен алғаш рет «Құрметті донор» төсбелгісі тағайындалды, деп хабарлайды «24KZ».

Марапат қан және оның компоненттерін өтеусіз негізде тұрақты тапсырып жүрген азаматтарға беріледі. Алғашқы иегерлері бекітілген талаптарға сәйкес келетін 481 тұрақты донор болады.

Ведомстволық төсбелгі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға донорлық қызметі үшін табысталады. Ол үшін қан және (немесе) тромбоцит донорлығы кемінде 40 рет, ал қан плазмасының донорлығы кемінде 70 рет жасалуы қажет.

Марапаттың дизайнын Қазақстан теңге сарайы әзірлейді. Төсбелгінің негізгі белгісі – қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы. Оның ішінде жүрек соғысының графикалық ырғағы бейнеленген. Композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасалады. Соның арқасында 80 мыңнан астам пациентке қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріледі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, донорлар медициналық тексеруден өту және қан тапсыру күндері жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz