Қазақстанда 2025 жылы жүрекке 13 106 ашық операция жасалды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға артқан, деп хабарлайды «24KZ».
Жасалған операциялардың басым бөлігін аортокоронарлық шунттау оталары құрады. Оның үлесі – 46,1%. Сондай-ақ жүректің жүре пайда болған кемістіктеріне жасалған операциялар 22,7%, ал туа біткен жүрек ақауларына жасалған оталар 13,1% болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары елімізде кардиология және кардиохирургия саласында жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі ұлғайып келеді. Қазір отандық медицинада жүрекке ашық операциялар, эндоваскулярлық араласулар және медициналық көмектің басқа да заманауи түрлері көрсетіледі.
Қазақстан кардиохирургия саласындағы жетістіктері бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді.
2025 жылы елімізде жүрек трансплантациясының 100-ші операциясы сәтті жасалды. Бұл қазақстандық мамандардың кәсіби тәжірибесін және трансплантология қызметінің дамуын көрсетеді.
Соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық 15%-ға, ал осы аурулардан болатын өлім-жітім 35,1%-ға төмендеген.
2026 жылдың алғашқы бес айында да оң динамика сақталды. Қанайналым жүйесі аурулары 6,6%-ға, артериялық гипертензия 9,7%-ға, жүректің ишемиялық ауруы 10,1%-ға, жедел миокард инфаркті 5,7%-ға және инсульт жағдайлары 6,1%-ға азайған.
Министрлік бұл нәтижелерді инсульттік және кардиологиялық орталықтар желісінің дамуы, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігінің артуы, заманауи клиникалық хаттамалардың енгізілуі және профилактикалық тексерулердің кеңеюімен байланыстырады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #жүрек #ота #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz