RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қатерлі ісік өршіп барады: ДДСҰ 2050 жылға алаңдатарлық болжам жасады

15.07.2026, 15:40 41

2050 жылға қарай әлемде қатерлі ісіктің жаңа жағдайлары жылына 35 миллионға жуықтауы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен Қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік (IARC) жариялаған 2026 жылғы жаһандық баяндамада айтылды, деп хабарлайды «24KZ».

Қазір әлемде жыл сайын 20,6 миллион адамнан қатерлі ісік анықталып, 10 миллионға жуық адам осы дерттен көз жұмады. ДДСҰ мәліметінше, онкологиялық аурулар өлім-жітім бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр.

Баяндамада онкологиялық көмектегі теңсіздікке ерекше назар аударылған. Мысалы, сүт безі обыры анықталған әйелдердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші табысы жоғары елдерде 87% болса, табысы төмен мемлекеттерде 42% ғана. Сондай-ақ елдердің 1/3-іне жетпейтіні ғана онкологиялық көмекті мемлекет кепілдік берген медициналық қызметтер қатарына енгізген.

ДДСҰ дерегіне сәйкес, әлемдегі қатерлі ісік жағдайларының шамамен 40%-ы алдын алуға болатын қауіп факторларымен байланысты. Олардың қатарында темекі мен алкоголь тұтыну, семіздік, қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау, сондай-ақ адам папилломасы вирусы (HPV), В және С гепатиті вирустары мен Helicobacter pylori инфекциясы бар.

Сонымен бірге баяндамада соңғы жылдары темекі тұтынудың азаюы, вакцинацияның кеңеюі және көптеген елде онкологияға қарсы ұлттық бағдарламалардың қабылдануы оң нәтиже бергені айтылған. Дегенмен, қатерлі ісіктің алдын алу, ерте анықтау және емдеуге қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет.

ДДСҰ елдерді онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға, профилактикаға инвестицияны көбейтуге және пациентке бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін дамытуға шақырды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz