Ақтөбе облысындағы төрт аудандық ауруханаға қосымша ғимарат салынып жатыр.
Шалқар, Мұғалжар және Хромтау аудандарындағы медицина мекемелері қайтарылған активтер есебінен тұрғызылса, Қарғалы аудандық ауруханасына жапсарлас ғимарат құрылысы облыстық бюджет есебінен жүреді.
Қарғалы аудандық ауруханасының жапсарлас ғимараты құрылысы аяқталуға жақын. Бір жыл бұрын іске кіріскен құрылысшылар қазір қосалқы әрі апатты жағдайда қолданылатын сатысын орнатып, айналасын абаттандыруға кіріскен.
Марат Сырлыбаев, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Жабдықтарға келетін болсақ, мұнда заманауи технологиялық құрал-жабдықтар кеңінен қарастырылған. Рентген аппаратынан бастап қан талдауына арналған құрылғыларға дейін қажетті жабдықтардың барлығы жеткізіліп жатыр. Қазіргі таңда олардың барлығын қабылдап алып жатырмыз. Рентген, флюорография және ультрадыбыстық зерттеу жабдықтарын орнатуға әр бағыттың мамандары өздері келеді. Бұл келісімшартта арнайы қарастырылған.
Аудан орталығындағы медициналық мекеме қосалқы ғимаратқа мұқтаж еді. Себебі 1956 жылы салынған ескі аурухана заманауи талаптарға сай емес. Алты мыңдай тұрғыны бар Бадамша ауылы үшін 54 төсек-орынға шақталған стационар мен күніне 150 науқасты қабылдайтын емхана аздық етеді. Сондықтан консультативтік-диагностикалық орталық құрылысына облыс бюджетінен 979 млн теңге бөлінді. Мамандар мәселесі де шешімін тапқан.
Еркебұлан Әбдіғалиев, Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Қазіргі таңда Қарғалы ауданы барлық дәрігерлік мамандармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық пункттер де медбикелермен 100 пайыз қамтылған. 2025 жылдың соңында оқуын аяқтаған жас мамандар келді. Жалпы бізге жеті маман жұмысқа орналасты. Олардың қатарында екі жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинеколог, хирург, окулист және психиатр-нарколог бар. Бұл мамандар жаңа салынып жатқан ғимаратқа көшіп, сол жерде қызмет көрсететін болады.
Қарғалы аудандық ауруханасының жаңа диагностикалық бөлімшесі рентген кабинеттері мен биохимиялық зертхана сияқты заманауи құрал-жабдықтармен қамтамассыз етіледі. Медицина мекемесі тамыз айында тапсырылуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #Ақтөбе облысы #медициналық орталық #аурухана #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz