Шымкентегі бірнеше медициналық мекемеге инсульт белгілерін жылдам анықтайтын жасанды интеллект жүйесі енгізілді.
Заманауи технология дәрігерлердің көмекші құралына айналып үлгерді. Енді жаңа жүйені ультрадыбыстық зерттеу диагностикасы мен эндоскопиялық емдеу әдісінде қолдану жоспарланып отыр.
Инсульт кезінде әрбір секунд маңызды. Дәрігерлер ми жасушаларының семіп қалмауы үшін «алтын уақытты» тиімді пайдалануға барын салады. Енді компьютерлік томография қорытындысы дайын болған бойда, бағдарлама арқылы жылдам талдау жасалып, диагнозды дәл қоюға мүмкіндік туды.
Қанат Бекетаев, қалалық №1 клиникалық ауруханасының КТ дәрігері:
- Көзге көрінбейтін ишемиялық зоналарды бас миындағы соны ерте анықтауға өзінің септігін тигізеді. Бұған дейін біз өзіміз анықтайтынбыз. Ол кішкене ұзағырақ болатын. Консилиум болатын, науқастардың көптігіне байланысты кішкене артқа шегерілуі мүмкін еді.
Ресми мәліметке сәйкес елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам инсульт алады. Тек Шымкент қаласының өзінде 3 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Сондықтан мамандар жаңа жүйені медициналық мекемелерге жаппай енгізуді құптап отыр. Бірегей технология арқылы ауру ошағын анықтап қана қоймай, оның асқыну қаупін де болжауға болады.
Бақытжан Позилов, қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері:
- Бұрынғы уақытта инсультқа 60-70 жастан асқан азаматтар шалдығатын еді. Бүгінгі таңда инсульт жасарып келе жатыр. Ертерек операция жасалса ол науқасқа немесе ертерек емдеу шаралары жасалса науқастың аман қалуы немесе науқастың мүгедек болмауына мүмкіндік болады. Енді бізде бүкіл диогностика, емдеудің бәрі өзгеріп отыр.
Жасанды интеллект 59 жастағы Көбей Алдановтың бойындағы қауіптің алғашқы белгілерін дәлме-дәл анықтап берді. Айтуынша, уақытылы қойылған диагноз бен дер кезінде көрсетілген ем оның тез арада аяққа тұруына септігін тигізді.
Көбей Алданов, қала тұрғыны:
- Аяқ-қолым ұюы басталды. Сол жедел жәрдем шақырып, осында келдік. Жансақтау бөліміне жіберді. Одан қайтып келдік осы жерге. Сонымен қазіргі жағдайым жаман емес. Ем-дом жасап жатыр. Еш жерім ауырмайды қазір. Жақсы болып қалдым.
Алдағы уақытта жасанды интеллект ультрадыбыстық зерттеу диагностикасына да енгізіледі. Ақылды жүйе бауыр мен бүйрек ауруларын анықтап, қабыну ошақтарын қатесіз табуға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл технологияны асқазан-ішек жолдарын тексеретін эндоскопия бағытында да қолдану жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #ЖИ #Денсаулық #инсульт #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz