Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері тұрғын үй кешенінің бесінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған төрт жастағы балаға күрделі нейрохирургиялық ота жасап, аман алып қалды, деп хабарлайды «24KZ».
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала аурухананың қабылдау бөліміне ауыр жағдайда жеткізілді. Тексеру барысында дәрігерлер көптеген жарақат, соның ішінде жұлынға қысым түсірген бірінші бел омыртқасының ығысқан компрессиялық сынуын анықтады.
Науқастың жағдайын ескерген мамандар емдеуді екі кезеңмен жүргізу туралы шешім қабылдады. Алдымен нейрохирургтер омыртқа өзегіндегі қысымды азайту отасын жасап, кейін бел омыртқасын арнайы бекіту жүйесі арқылы тұрақтандырды.
Күрделі отаны нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаевтың жетекшілігімен нейрохирургтер Мұхтар Ибрагимов пен Алтай Анарбай жүргізді.
Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында дәрігерлер баланың қозғалу және сезіну қабілетін сақтап қалды.
«Біз баланың қозғалыс қызметін қалпына келтірдік. Оңалту курсынан кейін ол өздігінен жүре алады», – деді Айдын Нүсіпқожаев.
Қазіргі уақытта кішкентай науқастың жағдайы едәуір жақсарған. Стационарлық ем аяқталғаннан кейін ол үйіне шығарылып, амбулаториялық бақылау мен оңалту емін жалғастырады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Алматы #медицина #күрделі операциялар #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz