Халықаралық қаржыландырудың қысқаруы әлемді АИТВ індетінің қайта өршуіне әкеп соғуы мүмкін. БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС бойынша біріктірілген бағдарламасы жариялаған арнайы баяндамада халықаралық қаржыландырудың азаюы жаһандық деңгейде АИТВ эпидемиясының қайта басталуына түрткі болуы мүмкін екендігі айтылған. Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай жыл сайын бұл індетті жұқтырғандар саны 3 миллионнан асып түсуі ықтимал, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа деректерге сәйкес, 2025 жылы 1,2 миллион адам АИТВ жұқтырған және 21 елде жаңа жұқтыру жағдайлары артқан. Өткен жылы ЖИТС-пен байланысты аурулардан 570 000 адам көз жұмды. Сонымен қатар АИТВ-мен өмір сүріп жатқан 41 миллион адамның шамамен 9 миллионы ем алмаған, ал балалардың жартысына жуығы антиретровирус терапиясымен қамтылмаған.
Профилактикалық шаралар негізінен халықаралық қаражат есебінен жүргізіліп келген еді. Алайда 2025 жылы негізгі үлесін АҚШ қосқан қаржыландыру 18 пайызға азайып, соңғы екі онжылдықтағы ең төменгі деңгейге – 7,3 миллиард долларға түсіп қалды. ЮНИТАИД бағалауы бойынша, жаңа жұқтыру жағдайларын шынайы түрде азайту үшін 20 миллион адамды антиретровирус профилактикасымен қамтамасыз ету қажет.
Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан 26-шы Халықаралық ЖИТС конференциясында ЮНЭЙДС атқарушы директоры Винни Бьянима пікір білдірді:
Ғылыми жетістіктер бізге бұрынғы буын армандай да алмаған құралдарды беріп отыр. Алайда қолжетімсіз инновация – бәсекелестік емес, әділетсіздік. Табыс критерийі дәрі-дәрмектің болуында емес, оған мұқтаж адамдардың оны қол жетімді бағамен ала алуында.
Ұйым бұл жиында барлық серіктестер мен үкіметтерді ЖИТС-ті қоғамдық денсаулыққа төнген қатер ретінде түпкілікті жою үшін тұрақты қаржыландыруды шұғыл түрде қалпына келтіруге шақырды.
Тегтер #АИТВ #БҰҰ #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz