Алматылық дәрігерлер денесінің 89 пайызын күйік шалған ер адамды аман алып қалды.
Газ баллонының жарылуынан ауыр жарақаттанған науқасқа бірнеше кезеңнен тұратын ем жүргізілген. Бір ай бойы ем қабылдаған науқастың қазіргі жағдайы тұрақты.
Оқиға осыдан бір ай бұрын болған. Үйінің ауласын тазалап жүрген Александр Артуков көп затпен бірге жатқан газ баллонын абайсызда отқа тастап жібереді. Салдарынан баллон жарылып, ер адам жансақтау бөлімінен бірақ шығады. №4 аурухананың дәрігерлері оның денесінің 89%-ын күйік шалды дейді. Оның ішінде 15 пайызына қатты от тиіпті. Сондай-ақ ол барожарақат алады.
Елдос Әлменов, қалалық №4 аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі:
- Күйік 50% жоғары болса ол өте ауыр деп есептеледі. Бұл жерде бізде 89% өте ауыр сирек кездесетін кейс десекте болады. Командалық жұмыстың әсерінен біз оң динамикалық нәтижеге жеттік деп ойлаймыз.
Дәрігерлердің айтуынша, ауыр күйік кезінде әр күн, тіпті әр сағат маңызды. Емдеу барысында науқастың көрсеткіштері бақылауда болып, денесінің жарақат алған бөліктерін қалпына келтіруге түрлі ем шаралары жүргізілген. Нәтижесінде жағдайы жақсарып, ауруханадан шығаруға мүмкіндік туған.
Александр Артуков, науқас:
- Физикалық ауырсынуға шыдауға болады. Эмоционалды жағынан қиын болды. Өз бетімше ештеңе істей алмадым. Дәрігерлер мен санитарлардың қолдауының арқасында барлығы жеңіл өтті.
Ақ халаттылар газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Олардың сөзінше, тұрмыстағы ұқыпсыздық ауыр жарақатқа ғана емес, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Кенже Амраев
Тегтер #күйік #науқас #Алматы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz