Денсаулық сақтау министрі Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухананың қызметіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды «24KZ».
Мұндай шешім бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аталған мекемедегі пациенттердің емделу жағдайларына қатысты шағымдар жарияланғаннан кейін қабылданды, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, тексеруді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізеді. Тексеру барысында медициналық құжаттама, емдеу процесінің ұйымдастырылуы, ауруханадағы емдеу және күтіп-ұстау жағдайлары, лауазымды тұлғалардың әрекеті, сондай-ақ пациенттердің құқықтарының сақталуы зерделенеді.
Сондай-ақ, тексеру жұмысына өз құзыреті шегінде прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де қатысады.
Тексеру қорытындысы бойынша барлық келтірілген фактілерге объективті баға беріледі. Егер заң бұзушылықтар анықталатын болса, Министрлік заңнамаға сәйкес тиісті ден қою шараларын қабылдап, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл – еліміздегі осы бейіндегі жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда соттың заңды күшіне енген шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалған пациенттер ем қабылдайды.
Министрлік бұл қарапайым стационар емес екенін атап өтті. Мекеме ауыр психикалық бұзылыстары бар адамдарға мамандандырылған психиатриялық көмек көрсетумен қатар, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Ресми дерекке сәйкес, мұнда ем қабылдап жатқан пациенттердің 80 пайыздан астамы жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған.
Осыған байланысты ауруханада ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады. Оның мақсаты – пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және қоғамның қауіпсіздігін сақтай отырып, емдеу, оңалту және психикалық денсаулықты қалпына келтіруге қажетті жағдай жасау.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz