RU
Толық нұсқаға өту

Шымкенттік хирургтер ағза алмастырудан күніне бір операция жасауға дайын

05.08.2026, 19:12 39

Шымкенттің хирургтары ағза алмастыру бойынша айына 30 операция жасауға дайын.

Алайда донор тапшылығына байланысты қазір небәрі алты операция ғана орындалады. Жергілікті мамандар бүйрекпен қатар бауыр, тіпті жүрек алмастыру оталарын да жасауға мүмкіндік бар екенін айтады. 

Ерсұлтан Айдаров бұған дейін ауруханаға ауыр жағдайда келетін. Осыдан екі апта бұрын оған бүйрек ауыстыру операциясы жасалды. Бұл жолы ол ұзақ уақытқа созылатын гемодиализге емес, жоспарлы тексеруден өтуге келген.

Ерсұлтан Айдаров, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Диализ уақытында ол өте қиын процесс, өте күрделі процесс. Ол дегенің 4 сағат, аптасына 3 рет мына қолдан қанды алып, сүзгіден өткізіп фильтр арқылы аппарат шайып, қайтадан таза қанды қайтарып береді. Енді операциядан кейінгі жағдайым болса қазір шлагым жақсы, анализдерді тапсырып тұрамын, екі апта болды операциядан кейінгі жағдайым көріп тұрсыздар.

Ерсұлтан мәйіттік донорды ұзақ күтті. Осы аралықта ауруы асқынып, денсаулығы нашарлай түсті. Ақыры оның өмірін туған әпкесі құтқарды.

Бақытжан Позилов, № 1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

- Қазақстанда қазір проблема екеу осы трансплантация бойынша. Оны ашық айту керек. Бірінші трансплантация бойынша проблема донор бойынша, яғни донор аз. Донорды Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кім бола алады, тек қана жақын туыстары. Яғни құжатталған күйде оның әке-шешесі, бауырлары, ағасы інісі, әпкесі қарындасы деген сияқты немесе әйелі күйеуіне бере алады болды. Басқа яғни бөтен адам бұл органды бере алмайды және ол заңмен шектелген, бұл өте дұрыс.

Осыдан 13 жыл бұрын Шымкенттегі бұл ауруханада бүйрек трансплантациясы бойынша алғашқы операция жасалған еді. Бүгінде мұндай оталар қалыпты тәжірибеге айналды. Осы жылдар ішінде шымкенттік хирургтер ағза алмастырудың күрделі түрлерін меңгеріп, қазір бауыр мен жүрек трансплантациясын да жасай алады.

Рахымжан Үмбетжанов, хирург-трансплантолог:

- Жылына жүз адамдай статистика бойынша диализге отырып жатыр. Ол біздің елге өте қауіпті, енді біздің елдің проблемасы деп айтсақ та болады. Соны шешу мәселесінде олардың барлықтарының ата-анасының, бауырларының органдарының сәйкес келмеуі де болады. Сол себептен мәйіттік трансплантацияны дамытатын болсақ, осы біздің өзіміздің қандастарымызды өзіміздің осы Шымкент қаласының тұрғындарының өмірін құтқаруға болады.

Александр Баялиев алты жыл бойы гемодиализ қабылдады. Оның барлығы 2018 жылы қан қысымының жоғарылауынан басталған. Күтпеген жағдайға тап болған науқасқа отбасы үлкен қолдау көрсетті. Туған бауыры оған өз бүйрегін беруге шешім қабылдады. Алайда Александр бірден келісім бере алмады. Ұзақ ойланып барып, бұл қадамға баруға келісті.

Александр Баялиев, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бізге сәті түсті, бауырымыз донор болды. Ал кейбір адамдардың тіпті туған бауыры жоқ. Болған күннің өзінде, олардың өздері де науқас болуы мүмкін. Бүйректі кез келген адам бере алмайды. Менің жағдайымда бауырым бүйрегін берді. Әрине алдымен оның денсаулығын тексеріп, осы бүйректі беруге жарамды ма, жоқ па — соны анықтайды.

Шымкенттік  хирургтардың жыл сайын  30 трансплантация жасауға мүмкіндіктері бар. Ал іс жүзінде жылына шамамен алты ғана операция жасалады. Оның басты себебі — донорлық ағзалардың тапшылығы. Дәрігерлер бұл жағдайды тек мәйіттік донорлықты дамыту арқылы өзгертуге болады деп есептейді. Әйтпесе, бүгінде кезекте тұрған көптеген науқас екінші мүмкіндікке қол жеткізе алмай қалуы мүмкін

Қарлығаш Қасиетова, Нұрмахан Мұсатов,  Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz