RU
Толық нұсқаға өту

Астанада ағза донорлығын қолдау марафоны өтті

09.08.2026, 22:00 35

Елордада жүректерді біріктіретін жүгіру фестивалі өтті.

Бұл жолы қала тұрғындары мен қонақтары жексенбінің таңында жаппай марафон сәресіне жиналып, ағза донорына мұқтаж науқастарға қолдау білдірді. Шараға жиналғандар мәйіттік донорлықтың маңызы жайында жан-жақты ақпарат алды.

Бұл ауқымды марафон. 5 мыңнан астам қатысушы мен қонақ трансплантация мәселесіне бей-жай қарамайтынын дәлелдеді. Елде донорлықты дамыту өзекті. Бүгінде 5 мыңға жуық адам ағза алмастыру операциясына мұқтаж.

Мұрат Зауыров, "Жүрек орталығы" қоғамдық қорының директоры:

- Осындай үлкен қоғамдық іс-шара Қазақстандағы өте маңызды жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек трансплантациясын дамытудағы шаралардың ішінде нақты қазіргі таңда өтіп жатқан жалғыз осы «Жүрегімнің жеңімпазы» фестивалі. Біз қоғам ретінде көңіл бөлуіміз керек. Басқа қалаларға тасымалдауымыз керек.

Жыл басынан бері елімізде 8 мәйіттік донор арқылы науқастарға 30 трансплантация жасалды. Сонымен қатар туыстық донорлықтың арқасында 125 ағза алмастыру операциясы орындалды.

Анар Шаймергенова, реципиент:

- Төрт жыл осы мәйіттік донордың арқасында өмір сүріп жатырмын. Бұл нағыз қуаныш және сәттілік.

Айдар Ситқазинов, транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры:

- Біз Жүрек қорына осы шара аясында бірнеше жылдан бері қолдау көрсетіп келеміз. Бұл мәйіттік донорлықты дамыту үшін маңызды. Азаматтар осындай алаң арқылы көбірек мағлұмат алады. Біз де осы жерде арнайы шатыр құрып, донорлыққа қалай ерікті түрде келісім беруге болатыны жайында халықты ақпараттандырып жатырмыз.

«Жүрегімнің жеңімпазы» марафоны 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Алдағы уақытта шараның ауқымын одан әрі ұлғайту жоспарланған. Ал көзделген мақсат әрқашан біреу ғана - ағзаға мұқтаж жандарға қолдау білдіру.

Рухани Әбдірахман, Ғалымжан Әбділахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz