RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

1 қыркүйектен бастап биоқоспаларға жаңа талап енгізіледі

24.08.2026, 11:37 33

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) цифрлық таңбалау міндетті болады. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап елімізде өндірілетін және Қазақстанға әкелінетін биоқоспалардың барлығы Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл талап тұтынушыларға өнімнің заңдылығын тексеруге мүмкіндік береді. Таңбалау жүйесі нарықтың жеткілікті бөлігін қамтығаннан кейін сатып алушылар қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеп, тауар туралы ақпаратты тексере алады.

Цифрлық код өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл биологиялық белсенді қоспалар нарығының ашықтығын арттырып, заңсыз өнімдерді анықтауға және адал кәсіпкерлерді жосықсыз бәсекеден қорғауға бағытталған.

Ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап ББҚ-ны міндетті қадағалау жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Осы күннен бастап өнім айналымы электрондық құжаттармен сүйемелденіп, тауарды нарыққа қатысушылар арасында беру кезінде әрбір операция тіркелуі тиіс.

Нарыққа қатысушылар не істеуі қажет?

Биологиялық белсенді қоспаларды өндіретін және импорттайтын компаниялар Тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде tanba.markirovka.kz порталында тіркелуі қажет.
Сонымен қатар тауар карточкаларын жүйеге алдын ала енгізу керек. Мамандар кәсіпкерлерге бұл жұмысты кейінге қалдырмауға кеңес береді. Себебі тауар карточкаларын жаңарту белгілі бір уақытты қажет етеді, ал алдын ала тіркелу таңбалау кодтарына уақтылы тапсырыс беруге мүмкіндік береді.

2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін өндірілген, бірақ таңбаланбаған биоқоспаларды нарық қатысушылары белгіленген тәртіпке сәйкес олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізе алады.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты – биологиялық белсенді қоспалардың айналымына бақылауды күшейтіп, тұтынушыларға сатып алатын өнімінің заңдылығын тексеруге мүмкіндік беру.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz