Қазақстанда көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімі бар екені анықталған 21 мыңнан астам жүргізуші тіркелді. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде 7,4 мың жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылды, деп хабарлайды «24KZ» Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, көлік құралын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіруі мүмкін медициналық қарсы көрсетілімдерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгінде көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімі бар екені анықталған 21 мыңнан астам жүргізуші тіркелді. Сонымен қатар, 2 246 адам әртүрлі негіздер бойынша диспансерлік есептен шығарылды.
13 мыңнан астам адамға қатысты аумақтық полиция департаменттері сотқа талап-арыздар жіберді. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде 7,4 мың жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылды.
Бұл ретте жүргізуші куәлігінің күші медициналық диагноздың болуына байланысты автоматты түрде тоқтатылмайды. Егер медициналық қарсы көрсетілім анықталып, заңнамада көзделген негіздер болса, тиісті ақпарат ішкі істер органдарына беріледі. Одан кейін негіз болған жағдайда полиция сотқа жүгінеді. Көлік басқару құқығын тоқтату туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесі Денсаулық сақтау министрлігінің №853 бұйрығымен бекітілген.
Абсолюттік қарсы көрсетілімдер қатарына адамның көлікті қауіпсіз басқаруына медициналық тұрғыдан мүмкіндік бермейтін аурулар мен жағдайлар жатады. Олардың арасында эпилепсия, екі көздің көрмеуі, кейбір ауыр психикалық бұзылыстар, сондай-ақ психоактивті заттарды қолдануға байланысты жекелеген психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар.
Алайда кез келген диагноз көлік басқаруға тыйым салуды білдірмейді. Мысалы, көру, есту немесе тірек-қимыл аппаратына қатысты кейбір бұзылыстар кезінде медициналық талаптарды сақтап, арнайы бейімдеу құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі. Олардың қатарында көзілдірік пен байланыс линзалары, есту аппараты және қолмен басқару құрылғылары бар.
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізушілерге қойылатын медициналық талаптардың негізгі мақсаты — жолдағы қауіп-қатерді азайтып, жүргізушілердің, жолаушылардың және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #Денсаулық #жүргізуші куәлігі #ДСМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz