RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Елдегі 29 босандыру ұйымында санитариялық талаптар сақталмаған

09.09.2026, 14:49 17

 Денсаулық сақтау министрлігі елдегі босандыру ұйымдарын тексеруді аяқтады. 84 нысанның 82-сі тексеріліп, оның 29-ында дезинфекциялық және стерилизациялық режим талаптарының сақталмағаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 81 санитариялық нұсқама берілген, деп хабарлайды «24KZ».

 Мамандар 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімінің жағдайын зерделеді. Негізгі назар инфекциялық қауіпсіздікке аударылды. Атап айтқанда, стерилизация және дезинфекция жұмыстары, желдету мен сумен жабдықтау жүйелері, инфекцияларды анықтау тәртібі және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы қаралды.

 Сонымен бірге зертханалық зерттеулер жүргізілді. Бұл медициналық ұйымдардағы жағдайды құжаттармен ғана емес, іс жүзінде де бағалауға мүмкіндік берді.

Тексеру кезінде шұғыл түрде жоюды қажет ететін кемшіліктер бойынша шаралар қабылданған. Енді берілген санитариялық нұсқамалардың орындалуы бақылауда болады.

 Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларына кемшіліктердің жойылуын ай сайын тексеріп отыруды тапсырды. Сонымен қатар босандыру ұйымдарының санитариялық-техникалық жағдайын талапқа сәйкестендіру, инфекциялық бақылау қызметтерін күшейту және медициналық ұйым басшыларының жауапкершілігін арттыру міндеттелді.

 «Біздің міндетіміз – тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту анықталса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы керек», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Министрлік мәліметінше, тексеру жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Енді мамандар балалар ауруханаларына барып, инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексереді. Одан кейін бақылау медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарда жалғасады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz