RU
Толық нұсқаға өту
depositphotos.com

Тегін дәрілерді саудалаған медициналық ұйымдар тексеріліп жатыр

10.09.2026, 14:35 55

Қазақстанда цифрлық таңбалау мен бақылау жүйесі арқылы халыққа тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектерді заңсыз сату деректері әшкереленді, деп хабарлайды «24KZ». 

Бұл дәрілік препараттың қозғалысын соңғы тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді. 2024 жылғы шілдеден бастап 1,1 млрд-тан астам дәрілік заттар қаптамасы таңбаланды.

Жүйе нарықты өндірушілер, өнім ассортименті мен оның шығу тегі бөлінісінде көруге, сондай-ақ дәріхана желісіндегі дәрілік заттардың нақты бағасын және олардың өзгеру динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.

Таңбалау жүйесінде қалдықтарды мониторингтеу және қорларды басқару нәтижесінде Бірыңғай дистрибьютор 42,5 млрд теңге үнемдеді.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтың мәліметінше, нарықта ақылы негізде сатылған 26 мыңнан астам қаптама препарат анықталып, бұл бағытта ауқымды тексерулер жүргзізіліп жатыр. 

Заңсыз сатылым фактілері бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханаға тексеру жүргізіліп, 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 миллион теңгеден асты.

Мемлекет пен азаматтарға келтірілген алдын ала шығын 36 миллион теңгеге бағаланып отыр. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

Қазіргі таңда бұл цифрлық қадағалау тетігі басқа да салаларға енгізілуде. Атап айтқанда, биылғы қыркүйек айынан бастап биологиялық белсенді қоспаларға таңбалау жүйесі қолданыла бастаса, 2027 жылдан бастап бұл талап медициналық мақсаттағы бұйымдарға да таратылады.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz