RU
Толық нұсқаға өту

Елде 29 перзентханада санитарлық режим жоқ

10.09.2026, 20:10 47

Денсаулық сақтау министрлігі 80-нен астам медицина ұйымын тексерді. Оның ішінде 50-ге жуық босандыру бөлімі мен 35 перинаталдық орталық бар.

Ведомство ұсынған мәліметке сәйкес, 29 медицина ұйымында дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеру қорытындысы бойынша 81 санитариялық нұсқама берілді.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлердегі денсаулық сақтау басқармасына босандыру ұйымдарының санитариялық-техникалық жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіруді тапсырды. Сонымен қатар медицина ұйымы басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, инфекциялық бақылау қызметтерін кадрмен қамтамасыз ету және инфекциялардың алдын алу бағдарламасын өзектендіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:

- Біздің міндетіміз – тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер кемшілік анықталса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы қажет.   

Мирлан Алтынбек, тілші: 

- Денсаулық сақтау министрлігі медициналық куәландыру мониторингін де жүргізді. Елдің 15 өңірінде орналасқан 85 нысанды тексерді. Жекелеген медициналық ұйымдарда толыққанды аудио және бейнежазба жүргізілмейді немесе жазбалар сақталмайды. Ал кейбір ұйымдарда қажетті зертхананың болмауына байланысты растайтын химиялық-токсикологиялық зерттеу мүмкіндігі жоқ.

Орынбасар Қалдарбек, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

- Сонымен қатар экспресс-тестілер мен алкотестерлерге қатысты мәселелер анықталды. Жекелеген ұйымдарда тестілер жеткіліксіз немесе олар тиісті талаптарға сай сақталмайды. Ал кейбір жағдайларда алкотестерлердің уақтылы салыстырып тексерілгенін растайтын құжаттар жоқ. Медициналық қорытындыларды рәсімдеу және журналдарды жүргізу бойынша да кемшіліктер бар. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің рәсімдерді жүргізу, биологиялық материалмен, экспресс-тестілермен және жабдықтармен жұмыс істеу тәртібін айқындайтын жекелеген нұсқаулықтар жоқ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz