Астанада қайтыс болған бір донордың ағзалары ауыр жағдайда жатқан үш пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Күрделі медициналық ота барысында марқұмнан жүрек, өкпе және бауыр алынып, кезекте тұрған сырқаттарға шұғыл түрде трансплантацияланды, деп хабарлайды «24KZ».
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай күрделі оталардың артында дәрігерлер, реаниматологтар, трансплантологтар, донорлық үйлестірушілер мен санитариялық авиация мамандарының қажырлы еңбегі тұр. Дегенмен, ең басты қадамды марқұмның туыстары жасап, ең қиын сәтте осындай игі шешімді қабылдады. Ведомство донордың жақындарына батылдығы мен адамгершілігі үшін шексіз алғысын білдірді.
Елімізде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту бағытында оң динамика сақталып отыр:
Жыл басынан бері Қазақстанда 132 әлеуетті донор анықталып, 205 трансплантаттау жасалды.
2025 жылы бұл сала айтарлықтай серпін алып, 18 донорлық процесс жүргізілді , бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе көп, ал трансплантаттау саны 68-ге жетті.
2026 жылдың 11 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 13 мультиағзалық донорлық процесс ұйымдастырылып, қайтыс болған донорлардан 42 трансплантат жасалды. Оның ішінде 14 бүйрек, 9 бауыр, 11 жүрек, 4 өкпе және 4 мөлдір қабық бар.
Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында өз кезегін күн сайын үмітпен күтіп жүрген нақты адамдар мен олардың отбасылары тұр.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz