RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да аудандық ауруханалар жаңартылады

19.09.2026, 20:36 43

Шығыс Қазақстан облысында аудандық ауруханалар

қайта жаңғыртудан өтіп, бірнешеуі жаңадан салынады. Өскеменде гематология орталығы ашылса, Алтай ауданының орталық ауруханасы қайта жабдықталады. Самар ауылында жаңа томографтар мен ультрадыбыстық зерттеу аппараттары бар диагностикалық орталық құрылады. 

Самар ауданындағы орталық ауруханада туристік маусым қызғанда орын тапшылығы болады. Себебі Бұқтырма су қоймасының курорттық аймағына келетін демалушылар медициналық көмек үшін осында ағылады. 1970 жылы салынған ескі ғимаратта науқастарды айтпағанда медициналық аппараттарды қоятын жер жоқ. Төрт дәрігер бір кабинетте отыр. Мекемеге 10 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Жылына шамамен 55 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетеді.

Қарагөз Отыншинова, медбике:

- Операция көп болады. Көбінесе жазғы уақытта демалушылар келгенде бізде кісілер көп жатады. Болашақта өзім операционный медсестра болғаннан кейін операционныйға күрделі ремонт керек.

Жергілікті билік мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешуге ниетті. Бұл туралы келісім-шарт та жасалған. Демеушілердің көмегімен амбулатория мен стационар жөнделеді. Жеке диагностикалық орталық ашылады.

Балқия Шалова, Самар ауылының тұрғыны:

- Заманға сай үлкен-үлкен өзгерістер болады деген сенімдеміз. Өйткені біздің ауылдың тұрғындары медициналық көмекке, жаңа технологияға зәру. Қазір ауруханамызда көптеген жоғары білімді дәрігерлер жұмыс атқарып жатыр. олардың да жұмыстары кішкене жеңілденеді деп ойлаймын.

Күрделі жөндеуден кейін аурухана кеңейеді. Жылына 100 мыңнан астам пациентті қабылдай алады. Сонымен қатар компьютерлік томографтармен және ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталады. Яғни ауыл тұрғындары диагностикадан өту үшін 150 шақырым жердегі Өскеменге барып әуре болмайды. Жаңғырту жұмыстары келер жылы басталады.

Еркін Семейханов, Самар аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Самар халқы үшін және біздің аурухана үшін өте үлкен бастама. Самар ауданының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту іске асырылмақшы. Бұл жобаның аясында біздің аурухананың барлық корпустарына күрделі жөндеу жасалады. Және тек қана күрделі жөндеу жасап қана қоймай, материалдық-техникалық базасын жаңғырту болады.

Республика бойынша жыл соңына дейін 30-дан астам аудандық аурухана қайта жабдықталады. Жаңғыртудан соң олар көп cалалы ауруханалармен теңеседі. Жалпы салалық министрліктің деректері бойынша соңғы үш жылда Қазақстанда 813 медициналық мекеме салынған. Оның 655-і ауылдық жерлерде бой көтерді. 

Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz