ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханаларда медициналық көмектің қолжетімділігін бақылауды күшейтуді тапсырып, қазан айынан бастап өңірлердегі бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының жұмысына жүйелі талдау жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство басшысы пациенттің ешқандай артық кедергісіз дәрігерге жазылып, қажетті көмекті алуына нақты жағдай жасалуы тиіс екенін тапсырды.
Егер адам емханаға барып, дәрігерге жазыла алмаса, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы қалай айтуға болады? Бұл – жергілікті жерде қамтамасыз етілуге тиіс базалық мәселелер, – деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаурра Ахметнияздың айтуынша, жүргізілген талдау барысында бірқатар медициналық ұйымдарда қабылдау кестелері болғанымен, пациенттердің учаскелік және бейінді мамандарға өз бетінше жазылу мүмкіндігі әлі де шектеулі екені анықталған.
Мәселе тек қабылдау кестелерінің болуында емес, пациенттің қабылдауға өз бетінше жазыла алу мүмкіндігінде. Анықталған кемшіліктер бойынша медициналық ұйымдарға тиісті ұсынымдар жіберіледі, – деді Комитет басшысы.
Министр денсаулық сақтау басқармаларына халыққа онлайн және офлайн форматтағы қолжетімділікті қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Қазан айынан бастап аумақтық бөлімшелер мен бейінді департаменттер Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының белгіленген стандарттарға сәйкестігіне кешенді тексеру жұмыстарын бастайды.
Тегтер #Денсаулық сақтау министрі #Ақмарал Әлназарова #емхана #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz