Қазақстанда мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрі-дәрмектердің 76%-ының шекті бағасы төмендеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Оның мәліметінше, 2025 жылғы шекті бағаларды 2024 жылдың соңында бекітілген қолданыстағы бағалармен салыстырғанда, 3801 сауда атауы бойынша баға орта есеппен 26,5%-ға төмендеген.
Тағы 947 позиция бойынша баға өзгермеген, ал дәрілік заттар тізімі 246 жаңа позициямен толықтырылған.
2026 жылы дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін 2055 препарат бойынша жаңа бағалар бекітілді. Олардың бағасы орта есеппен 16%-ға төмендеген. Сонымен қатар бекітілген шекті бағалардың жартысында өзгеріс болмаған, ал 169 позиция тізімге алғаш рет енгізілген.
Өзгерістер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында берілетін дәрілерге де қатысты.
Атап айтқанда, жаңа шекті бағалар бойынша 1397 сауда атауының, яғни 47,8%-ының бағасы орта есеппен 22,45%-ға төмендеген.
Ал дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атаулары бойынша 453 позицияда немесе 40,5%-ында баға төмендеген. Орташа төмендеу 25,3%-ды құраған.
Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, мұндай өзгерістер дәрілердің шекті бағасын қалыптастыру тәсілдерін қайта қараумен байланысты.
Баға белгілеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер, ең алдымен, бағаны қалыптастыру процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бүгінде өндіруші мәлімдеген құн құжаттармен расталып, референттік елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте ең төменгі үш бағаның орташа мәні пайдаланылады, ал деректер халықаралық ақпарат көздерінен алынған мәліметтермен қосымша расталады. Мұндай тәсіл дәрілік заттың мәлімделген құнын неғұрлым объективті бағалауға және шекті бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Бауыржан Жүсіпов.
Комитет төрағасының сөзінше, қазір өндіруші мәлімдеген дәрі құны тиісті құжаттармен расталып, референттік елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте ең төменгі үш бағаның орташа мәні пайдаланылады.
Бағаны тіркеу кезінде өндіруші немесе оның өкілі мемлекеттік сараптама ұйымына өтінішпен бірге зауыт бағасын растайтын құжаттарды, оның ішінде шарт, инвойс және кедендік декларацияны ұсынады. Сондай-ақ референттік елдердегі бағалар туралы мәліметтер беріледі.
Қазақстанның референттік себетіне 10 ел кіреді. Олар: Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #дәрідәрмекPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz