Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларға қажетті оңалту құралдарын үй жағдайында пайдалануға мүмкіндік беретін жоба іске қосылды, деп хабарлайды «24KZ».
Мамандар әр баланың жеке қажеттілігін бағалап, оған сәйкес құралды таңдап береді. Ата-аналарға оны үйде дұрыс қолдану жолдары да үйретіледі.
Жобаға қатысуға мүмкіндік туралы куәландырудан және қайта куәландырудан өтіп жатқан балалардың заңды өкілдеріне SMS арқылы хабарланады. Отбасы келісім бергеннен кейін мамандар баланың қажеттілігін бағалап, тиісті оңалту құралын береді.
Жобаның алғашқы қатысушысы – Орал қаласының тұрғыны Құжырғали Ғибрат. Оған жеке қажеттілігіне сай оңалту құралы берілді.
Баланың анасы Тұрсынгүл Андешова мамандардың құралды пайдалану жолдарын түсіндіргенін айтты.
Жобаның Орал қаласында іске қосылғанына қуаныштымын. Мемлекет тарапынан баламызға қажетті оңалту құралын жеке қажеттілігіне қарай таңдап, үй жағдайында пайдалануға мүмкіндік берілгеніне ризамын. Мамандар бізге құралды дұрыс пайдалану жолдарын түсіндіріп, қажетті оқыту жүргізді. Үй жағдайында тұрақты түрде қолдану баламыздың оңалуына оң әсер етеді деп сенеміз. Алдағы уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге үміттіміз. Осындай мүмкіндік жасаған мамандарға алғысымызды білдіреміз, – дейді Тұрсынгүл Бейбітқызы.
Жоба аясында берілетін құралдар баланың қимыл-қозғалысын дамытуға, дене қалпын дұрыс ұстауына және күнделікті әрекеттерді өздігінен орындауына көмектеседі.
Жобаға қатысу үшін Орал қаласындағы «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығына жүгінуге болады.
Айта кетейік, жоба Павлодар, Абай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында да іске асырылып жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #БҚО #ДенсаулықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz