RU
Толық нұсқаға өту

Елордалық дәрігерлерге роботтар көмектесіп жүр

06.10.2026, 09:44 41

Елордада дәрігерлерге роботтар қолғабыс етіп жүр.

Енді жамбас және тізе буындарына құлтемірдің көмегімен операция жасалып, эндопротез қойылады. Автоматтандырылған жүйенің пайдасы - ол қателесуге жол бермейді, дейді мамандар. 

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Дәрігерлер былтыр 20 мыңға жуық буын ауыстыру операциясын жасады. Солардың бір бөлігіне роботтар көмектескен. «MISSO» жүйесі арқылы тізе буынын толық немесе жартылай ауыстыруға болады. Заманауи құрылғы отандық медицинада бір жылдан аса қолданылып келеді. Бұл арқылы науқастың анатомиялық ерекшеліктерін ескеріп, барлық қадамды алдын ала жоспарлайды. 

Әйгерім Ибраева, Лисаковск қаласының тұрғыны:

- Мен артроздан 15 жыл бойы зардап шектім. Осы уақыт аралығында түрлі ем қабылдадым. Буыныма гиалурон қышқылын енгіздім. Тіпті Хайнань аралына барып емделіп көрдім. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Сондықтан операция жасатуға шешім қабылдадым. Екі тіземе роботтың көмегімен эндопротез орнатылды. Операциядан кейін екінші тынысым ашылғандай болды. Бұрын жұмысқа бара жатқанда аяғым жүргізбей сыздайтын. Жолда бірнеше рет тоқтап, орындыққа отырып демалатынмын. Енді үйге жаяу, ауырсынусыз қайтамын. Таяққа да сүйенбеймін. Қазір оңалту курсынан өтіп жатырмын.  

Кейінгі бес жылда эндопротезге мұқтаж адам саны елу пайызға артқан. Өйткені буын ауыстыру операциясын жасатуға өзге елдерден арнайы келетіндер бар. Ал себеп жабдықтар жаңа, ем алу құны өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Дәрігерлер де білікті, демек нәтиже сапалы. Жаңа жүйе өзінің артықшылығын аз уақытта көрсетіп үлгірді. Миссо роботында арнайы қауіпсіздік механизмі  қарастырылған. Сүйек белгіленген шекарадан тыс жылжып кетсе құрылғы жұмысты тоқтатады.

Алексей Белокобылов, Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО №4 ортопедия бөлімшесінің жетекшісі:

- Миссо роботында жасанды интеллект элементтері бар. Науқастың компьютерлік томографиясы негізінде операцияның виртуалды жоспары жасалады. Робот сүйекке имплантты дәл орналастырады. Яғни мұнда операцияның бір бөлігін робот орындайды. Ол дәрігердің көзі жете бермейтін дәлдікке қол жеткізе алады.

Ал «Страйкер MAKO» роботы сүйек пен буынның жеке 3D моделін жасайды. Жүйе тізе мен жамбас буындарына бір мезетте операция жасауға мүмкіндік береді. Құлтемірдің көмегімен эндопротез шамамен 35-40 минутта қойылады. 

Абылай Садықов, Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО №7 ортопедия бөлімшесінің травматолог-ортопед дәрігері:

- Мако роботымен көбінесе 50-100 мл қан кететін болса, дәстүрлі түрде ол 150-200 мл болатын. Мако роботтың бір ерекшелігі тіндерді, бұлшық еттерді зақымдамайды. Сүйек қатпары 3Д жоспарланғаннан кейін сол жерде шекара әрі қарай өтіп кетпеуіне себеп. Сосын науқастарда реабилитация тез болатын себебі жанамалаушы буындарға, тіндерге зақым тимегеннен кейін реабитациясы тез, нәтижесі жоғары болады. 

Елде жыл сайын 130 мыңнан астам адамға тегін травматологиялық операция жасалады. Былтыр мыңнан астам ревизиялық эндопротездеу және ірі буындарға 4,5 мыңнан астам артроскопиялық операция жүргізілді. Бұдан бөлек 2027 жылға дейін өңірлерде заманауи травматологиялық орталықтар ашу жоспарланған.

Дильназ Тұрғазыева, Диас Ковланбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz