RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында жүрек-қан тамыры аурулары өршіп тұр

06.10.2026, 13:54 48

Жыл басынан бері облыстық Кардиологиялық орталық мамандары 4 мыңнан астам науқасты қабылдап, ем-дом шараларын көрсеткен.

Білікті кардиологтар емдеу мекемесіне келген сырқаттардың оңалып кетуіне тың әдістер қолданып, өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін салуда.

Қазақстанда қан айналымы жүйесі аурулары бар диспансерлік есепте екі миллионға жуық адам тұр. "Жыл санап олардың саны көбейіп келеді", - дейді мамандар. Әсіресе жоспарлы емес, шұғыл көмекті қажет ететін науқастар қатары артқан. Мәселен, Павлодардағы кардиологиялық орталықта сегіз айдың ішінде 4 жарым мыңға жуық адам емделіп шықты. Олардың алпыс пайыздан астамына шұғыл түрде көмек көрсетілді. 

Азиза Оспанова, Павлодар облыстық Кардиологиялық орталығының кардиолог дәрігері:

- Соңғы уақытта бізде жедел коронарлық синдром және созылмалы жүрек аурулары көбейіп кетті. Осыған дейін бұл дертке тек егде жастағы жандар шалдықса, қазір жастар арасында көптеп анықталады. 

Дендеген дертті ерте анықтаудың бірден-бір жолы - профикалактикалық тексерілу. Былтыр скринингтен өткен өңір тұрғындарының алты жарым пайызынан осы диагноз анықталды.  

Әйгерім Рахымова, облыстық Кардиологиялық орталығының кардиолог дәрігері:

 – Күнделікті тәжірибеде скринингтер өзінің тиімділігі мен өзектілігін көрсетіп отыр. Өйткені біз осы арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтаймыз. Жалпы жүрек қан тамырларына скрининг 40 жастан 76 жасқа дейін, жылына екі рет жасалады.

Десе де көптеген адам ауруды елемей, асқындырып алады. Дәрігерлер көмегіне де кеш жүгінеді. Павлодарлық Тимур Аманов жүрек орталығына қатты ентігумен түскен. Алғашында бойындағы әлсіздікке мән бермей, жағдайы ушыққанда ғана жедел жәрдем шақырған. Диагнозы - инфаркт. Оған дереу операция жасалған. 

Тимур Аманов, Павлодар қаласының тұрғыны:

 – Маған төрт күн бұрын операция жасалды. Үш бірдей қан тамырымды алып, жаңасын қойды. Қазір өзімді жақсы сезінемін.

Соңғы уақытта ауру жас талғамай барады. Оған осындағы дәрігерлер куә. Әсіресе жастардың арасында өршіп тұр. Мамандардың сөзінше, бұған аз қимылдау, фастфуд және энергетикалық сусындар себеп болып отыр. Сондықтан дәрігерлер зиянды заттардан барынша аулақ болуға шақырады.

Абзал Азаматұлы, Валентина Леонова, Дәулет Қошкарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz