«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Русана Сулаймонова ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға медициналық ақпараттық жүйелерді жетілдіру мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «24KZ».
Депутаттың айтуынша, медициналық ақпараттық жүйелер медицина қызметкерлерінің негізгі жұмыс құралдарының біріне айналғанымен, деректерді қайта енгізу, қажетті ақпаратты әртүрлі бөлімдерден іздеу және жүйелердің интернетке тәуелділігі дәрігерлерге қосымша жүктеме түсіреді.
Русана Сулаймонова пациенттің маңызды медициналық деректерінің жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасуы дәрігердің қажетті ақпаратты қайта іздеуіне немесе енгізуіне себеп болатынын атап өтті. Сонымен қатар интернеттің болмауы немесе техникалық ақаулар медициналық қызмет көрсетуге кедергі келтіруі мүмкін екенін айтты. Бұл мәселе әсіресе шалғай елді мекендер үшін өзекті.
Депутат медицина қызметкерінің жұмысы пациенттің әрекетіне байланысты жағдайларда толық ескерілмей қалуы мүмкін екенін де көтерді. Мысалы, дәрігер пациентті қабылдауға шақырып, хабарлама жіберіп немесе жолдама бергенімен, азамат қабылдауға келмеуі не байланысқа шықпауы мүмкін.
Осыған байланысты Русана Сулаймонова медициналық ақпараттық жүйелерде пациенттің негізгі медициналық деректеріне сүйенетін бірыңғай анамнезді автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ интернет немесе техникалық ақаулар кезінде медициналық ұйымдардың жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін бірыңғай резервтік тәртіп пен пациентті сәйкестендірудің баламалы тәсілдерін енгізу қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің нақты атқарған әрекеттерін ақпараттық жүйелерде тіркеп, есепке алуды ұсынды. Оның пікірінше, пациенттің бас тартуы, қабылдауға келмеуі немесе байланысқа шықпауы медицина қызметкерінің жұмысына негізсіз әсер етпеуі тиіс.
Русана Сулаймонова министрліктен ұсыныстарды іске асыру мүмкіндігі, қажетті техникалық өзгерістер және оларды енгізу мерзімдері туралы ақпарат беруді сұрады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #құрылтайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz