Астанада балалар ортопедиясына арналған халықаралық шеберлік сыныбы өтіп жатыр. Қазақстандық мамандар АҚШ, Грузия және Әзербайжаннан келген әріптестерімен тәжірибе алмасуда. Үш күндік жиында күрделі диагнозы бар балаларға хирургиялық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды 24KZ.
Шымкенттен келген алты жасар Айшаның жамбас сүйегінің екі жағында туабіткен ақау бар. Анасы Балмира Мырзаш бастапқыда операцияға асықпай, массаж бен емдік шараларға жүгінген. Алайда биыл сәуірде дәрігерлер хирургиялық ем қажет екенін айтқан.
Балмира Мырзаш, Айшаның анасы:
- Осы жаққа операция жасауға негізінде үш жасында келгенбіз. Үшке толмай қызым кішкене ауырып қалып, операция жасатпай қайтадан қайтып кеткенбіз. Одан кейін өзіміз операция жасатпай, мүмкін массажбен, басқа да емдермен емдеп аламыз деп ойладық. Үш жыл массаж жасатып жүрдік. Бірақ 2026 жылдың сәуір айында Ағабек ағай Түркістан қаласына келген кезде, соның қабылдауында болып, сол кісі бізге операция керек дегеннен кейін осы жаққа жасатуға келдік. Кеше қызымды 12 жарымда операциялық бөлімге алып кетті. Қазір қызым реанимациялық бөлімде. «Бір күні өзіміз қарап береміз», - деді. Бірақ жағдайы жақсы.
Бұл жолы хирургиялық түзету Айшаның бір аяғына жасалды. Екінші аяғына ем жеті-сегіз айдан кейін жоспарланған. Әзірге бала бір жарым ай гипспен жүреді. Кейін оңалтудан өтіп, арнайы шина тағады. №2 қалалық балалар ауруханасында өтіп жатқан шеберлік сыныбына күрделі диагнозы бар өзге де балалар іріктелген. Мамандар олардың жағдайын қарап, емдеу тәсілдерін бірге талқылап жатыр.
Эли Даниэль, АҚШ-тың жетекші ортопеді:
– Біз Қазақстанға жаңа технологиялар мен емдеу әдістерін алып келдік. Соның ішінде жалпақтабандылық кезінде ауырсынуды азайтып, науқастың жағдайын жақсартатын тәсілдер бар. Жалпақтабандылық – аяқтың ең жиі кездесетін деформацияларының бірі. Оны түзетудің бірнеше әдісін меңгергенбіз және бұл тәжірибемізді қазақстандық дәрігерлермен бөлісуге дайынбыз.
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
– Дәл қазір осы операциялық бөлмеде Қазақстан, АҚШ, Грузия және Әзербайжаннан келген дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Бүгін мұнда балаларға төрт күрделі операция жасалады. Шетелдік мамандар қазақстандық әріптестерімен бірге ота жасап, заманауи хирургиялық тәсілдерді көрсетуде. Соның бірі – жалпақтабандылықты түзетуге арналған HyProCure әдісі.
Осы хирургиялық емнен кейін оңалту бес-алты аптаға созылады. Алғашқы кезеңде аяққа салмақ түсіруге болмайды. Кейін қозғалыс біртіндеп қалпына келеді. Шеберлік сыныбына еліміздің әр өңірінен ортопедтер де келген. Олар шетелдік мамандармен бірге күрделі жағдайларды талдап, жаңа тәсілдерді тәжірибеде меңгеріп жатыр.
Құрман Қайранов, Маңғыстау облыстық ауруханасының травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі:
- Иә, бүгінгі операциялар енді әдеттегідей емес, олар – қиын жағдайларда бірнеше рет жасалған операция операциялар. Қайталап жасалған операциялар қашанда ол өте қиын болады. Күрделі науқастарға бүгін ота жасалады. Ол патологиялар барлық облыстарда емделеді, одан кейін күрделілігіне қарай орталыққа немесе осы №2 ауруханаға жіберіледі. Мен Маңғыстау облысынан арнайылап осы мастер-классқа келдім. Мастер-класс кеше болды. Ұршықтың патологияларына екі жақсы операция жасалды.
Енді қазақстандық ортопедтер шетелдік әріптестерінен алған тәжірибесін өңірлердегі мамандармен бөліспек. Олардың айтуынша, мұндай кездесулер күрделі диагнозы бар балаларға заманауи емді қолжетімді етеді.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамурбаев
Тегтер #24KZ #ортопед #шетелдік #операция #Астана #оңалту орталығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz