RU
Толық нұсқаға өту

Ағза донорлығы: 4,5 мыңнан астам адам күту кезегінде тұр

09.10.2026, 15:22 64

Бір адамның шешімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Бүгін Еуропалық ағза донорлығы және трансплантациясы күні. Бұл бастама Қазақстанда да қолдау тауып отыр. Қазір елімізде 4,5 мыңнан астам науқас донорға кезек күтіп жүр. Олардың арасында балалар да бар. Донорлықтың маңызын түсіндіру мақсатында кеше Астанадағы бірқатар зәулім ғимараттың шамы жағылса, бүгін «Асыл қадам» аллеясында ағаш отырғызу акциясы өтті.

Астаналық Ұлдана Жолдыбай ағза алмастыру бойынша күту кезегінде тұрған. 5 жыл гемодиализге тәуелді болған науқасқа былтыр мәйіт донорынан бүйрек трансплантациясы жасалды. Донордың туыстарына алғысым шексіз, дейді өзі.

Ұлдана Жолдыбай, қала тұрғыны:

- 2025 жылдың қараша айында таңғы 6-да хабар келіп, мәйіттік донордан бүйрек сәйкестігімен бүйрек салынды. Бұл өте үлкен қуанышты жаңалық болды. Себебі 5 жыл көптеген қиыншылықтан өттік. Гемодиализ аппаратын жеке өзім өте ауыр қабылдадым. Мен сол бізге ағзасын берген кісіге алғыс айтпаппын, ішімде қалып қалған дүнием болды. Сол кісіге үлкен рақмет айтамын. Сол кісі менің 1 жылдық өмірімді жарық арнаға бұрды да.

Қазір елдегі трансплантацияны күту кезегінде 4,5 мыңнан астам науқас тұр. Олардың 126-сы бала. Биылғы 9 айда ағза алмастыру бойынша 208 операция жасалды, оның 42 жағдайындағы ағзалар қайтыс болған донорлардан алынған.

Трансплантацияны күту кезегі 4867 науқас – 126 бала

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында

208 операция – 42 мәйіттік донор  

Назгүл Жілгелдина, ҚР ДСМ транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

- Мұқтаж ағза ол 4340 бүйрек, содан кейін бауыр 314 адам, сосын жүректі 212 азамат қажет етіп тұр. Балалардың арасында да ең көбі бүйрек. Себебі бүйрекке шағымданған азаматтар диализбен өздерінің өмірін ұзарта алады. Ал бауырға, жүрекке, өкпеге, өкінішке орай, ондай аппарат жоқ.

Еуропалық ағза донорлығы және трансплантациясы күні әлемде кеңінен аталып өтеді. Оны біздің еліміз де қолдап, жыл сайын түрлі науқандар ұйымдастырады. Мәселен, кеше кешкі сегіз шамасында мәйіттік донорлықты қолдау мақсатында Астанадағы зәулім ғимараттардың шамы жағылды. Науқанды Талдықорған, Қарағанды және Ақтөбе қалалары қоштады. Ал бүгін «Асыл қадам» аллеясында тал егу жұмыстары қолға алынды.

Назгүл Жілгелдина, ҚР ДСМ транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

- Басты мақсатымыз қоғамның, азаматтардың көңілін бөлу. Сондай мәселе бар екенін, 5 мыңға жуық азамат мұқтаж екенін деп, сондай акциялар жүргізіп жатырмыз. Балалар арасында сайыс өткіздік, диализ , трансплантация өткен балалардың арасында сурттен, эссе жазудан. Белсенділерін 26 қыркүйекте ЮМС ұйымында балаларды марапаттадық.

Бір ғана мәйіттік донор бірнеше адамның өмірін сақтап, тағдырына әсер ете алады. Елдегі трансплантацияны күту парағында тұрған мыңдаған науқас үшін бұл өте маңызды. Дер кезінде қабылданған ізгі шешім бірнеше ғұмырды арашалап қалатыны сөзсіз.

Альмира Оразбай, Мұрат Арипханов, Ержан Қанапияұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz