RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да бірқатар медициналық мекеменің құрылысы басталды

09.10.2026, 15:33 53

Батыс Қазақстан облысында аймақ тұрғындары көптен күткен бірнеше медициналық мекеме салына бастады.  

Ғимараттардың құрылысы аяқталғанда оған  жедел жәрдем станциясы, патологоанатомиялық бюро қызметі көшіріледі. Сонымен қатар «Ақжайық» шағын ауданында жаңа  емхана бой көтереді. Бұл жобалар ұзақ уақыт бойы тек жоспар күйінде қалып келген еді.

Жедел жәрдем станциясының әкімшілік ғимараты сүріліп орнына жаңасы салынып жатыр. 70 жыл бұрын тұрғызылған нысан әбден ескіріп, ешбір талапқа сай келмейтін.   

Ғабитжан  Ислямов, облыстық жедел жәрдем станциясы директорының м.а:

– Ғимараттың салынуын үш-төрт жыл күттік. Жобасы дайын болған, бірақ қаржыландыру болмады. Сол себепті біраз қиналдық. Кабинеттер тар, ескі болатын, үнемі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетінбіз. Кабинеттердің жетіспеуінен бухгалтерия гаражда отырды. Қазір де бір кабинетте үш-төрт маманнан жұмыс істеп отыр.

Жедел жәрдем қызметкерлері күн сайын 800-ге дейін шақыртуға шығады. Жаңа ғимарат салынып біткенде мамандар бір уақыт тынығып, біліктілігін арттыратын болады. Ол үшін мекемеде арнайы бөлмелер және заманауи диспетчерлік бөлім қарастырылған. Аталған нысанмен қатар «Ақжайық» шағын ауданында ауысымына 250 адамды қабылдайтын емхананың құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны 4 миллиард теңгеден асады.

Нұркен Молдашев, БҚО құрылыс басқармасының басшысы:

- Емхананың жобасын 2023 жылы әзірлей бастадық. 2025 жылы жобалау жұмыстарын аяқтадық. Ал араға бір жыл салып, қаржы бөлінді. Бізден әлеуметтік маңызы бар, стратегиялық инфрақұрылым жобаларын сұратты. Осы емхана да сол тізімге енді. Денсаулық сақтау саласындағы аса маңызды медициналық жобалардың барлығы осы тізімге кірді. 

Дәл осы емхананың жанынан  патологоанатомиялық бюроның құрылысы басталады. Бұл да өңір үшін аса қажет ғимарат. Себебі қазіргісі  өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған.

Ернияз Удреев, мердігер мекеме директоры: 

 - Ақшасы бәрі бөлініп тұр. Толық дайынбыз. Проект қолымызда бар. Жұмысымызды бастайын деп жатырмыз. Құрылыс мерзімі 11 ай. Құрылысқа үлгіреміз. Уақытында тапсырамыз. 

Құрылыс нысандары бюджет қаражатының жетіспеушілігіне байланысты ұзақ уақыт қағаздағы жоспар күйінде қалып келген болатын. Әлеуметтік маңызы бар жобалар енді инфрақұрылымды дамыту қорының қаржысы есебінен салынады. Бұған қоса жергілікті билік Деркөл кенті маңында орналасқан кардиологиялық орталықтың да мәселесін де шешуге уәде беріп отыр. 1970 жылы пайдалануға берілген мекеме ескіріп, өзен  тасығанда бірнеше рет су шайып кеткен.

Динара Айтиева, БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а.: 

- 2028-2029 жылдарға республикалық бюджеттен 200 адамға арналған облыстық перинаталды орталық салу жоспарланып отыр. Ол Ақжайық ауданында орналасады. Сондай-ақ 550 орынды көпбейінді аурухана салу көзделген. Осы мекемеде кардиологиялық бөлімше де болады.

Кейінгі бес жылда өңірде 52 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулатория салынды. Ендігі кезекте үлкен медициналық мекемелердің құрылысы қолға алынды. Көпшіліктің көптен күткен әлеуметтік нысандары сапалы әрі уақтылы аяқталса болғаны.  

Шыңғыс Қалиден, Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылгасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz