RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

1 259 медициналық нысан және 1,3 трлн теңге: денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер

09.10.2026, 15:37 64

Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 259 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Соның арқасында 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болды, деп хабарлайды «24KZ».

Соңғы жеті жылда елімізде 32 аурухана, 19 емхана, 1 196 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, үш ұлттық ғылыми медициналық орталық және қан орталықтары мен оңалту мекемелерін қоса алғанда, өзге де тоғыз ұйым ашылды. Жаңа нысандардың 800-ден астамы соңғы үш жылда пайдалануға берілген.

Медициналық инфрақұрылымды дамытуда ауылдық жерлерге басымдық беріліп отыр. Ұлттық жоба аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 655 нысан салынды. Нәтижесінде, 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар ірі медициналық орталықтар да ашылды. 2025 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы, ал Алматыда 350 орындық Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығы пайдалануға берілді.
Өңірлерде де жаңа медициналық нысандар іске қосылды. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауылындағы аудандық аурухананың, Риддер қаласындағы көпбейінді аурухананың және Ақтаудағы жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы аяқталды. Алматы облысының Ұзынағаш және Нарынқол ауылдарында ауысымына 250 адам қабылдайтын екі емхана ашылды.

Денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту 2024–2030 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасында көзделген. Құжат аясында заманауи көпбейінді ауруханалар салу, медициналық ұйымдарды жобалау кезінде халықаралық стандарттарды енгізу жоспарланған. Сондай-ақ 2030 жылға қарай денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін 30 пайызға дейін, ал медициналық мекеме ретінде бейімделген ғимараттардың үлесін 25 пайызға дейін төмендету көзделген.

Медициналық инфрақұрылымды жаңғыртудың негізгі мақсаты – сапалы медициналық көмекті халыққа жақындату және қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет қолжетімділігіндегі айырмашылықты азайту.


Тегін дәрі-дәрмекке 1,3 трлн теңге бөлінді

Қазақстанда соңғы жеті жылда халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1 триллион 284,8 миллиард теңге бағытталды. Жыл сайын қажетті препараттарды 3 миллионға жуық пациент тегін алады.

2019–2025 жылдары тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі 3,3 есе өсті. 2019 жылы бұл мақсатқа 83 миллиард теңге бөлінсе, 2025 жылы қаржыландыру көлемі 272,9 миллиард теңгеге жетті. Осы кезеңде тегін дәрі-дәрмек алатын пациенттер саны 2,5 миллионнан 3,4 миллион адамға дейін артты.

2026 жылы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алуға 584,1 миллиард теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға көп.

Қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек сатып алу тетіктері де жаңартылып келеді. Атап айтқанда, отандық 66 дәрілік препараттың бағасы төмендетіліп, бюджет қаражатының 10,3 миллиард теңгесі үнемделген.
Отандық және шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алу тәжірибесі де кеңейіп келеді. 2025 жылы тікелей келісімшарттар арқылы 182 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым сатып алынса, 2026 жылы олардың саны 404-ке жеткен.
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық та нығайып келеді. Биыл БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), ЮНИСЕФ және туберкулезге қарсы халықаралық тетіктер арқылы 32 түрлі дәрілік препарат сатып алу жоспарланған. Былтыр бұл көрсеткіш 23 атауды құраған.

Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдірудегі басты міндет – мемлекеттік қолдауға құқығы бар әр пациенттің қажетті препараттарды уақытылы алуына жағдай жасау. Бұл ретте азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан дәрілік көмектің қолжетімді болуы маңызды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz