Қазақстанда 5 мыңға жуық адам ағзаға мұқтаж. Олар қалыпты өмірге оралу үшін трансплантация жасалуы керек. Биыл 9 айда бар болғаны 208 ота жасалды. Бұл кезекті азайтпайды, деп хабарлайды 24KZ.
Самат Берсебаев үшін гемодиализ үйреншікті жағдайға айналған. Ол аптасына үш күн осы процедурадан өтуге келеді. Себебі бұл оның қанын токсиндерден арылтып, өмірін ұзартады. Екі жыл бұрын азаматтың екі бүйрегі істен шығып, осындай халге түскен.
Самат Берсебаев, қала тұрғыны:
- Дәрігерлер 3-4 жыл бұрын диагноз қойды. Басында урологқа қаралып жүрдім. Кейін бүйрегімді емдеу үшін нефрологқа жіберді. Гемодиализге қосылғаннан бастап мені кезекке қойды. Орган күтіп жүргендер көп. Менің кезегім келгенше қанша уақыт өтеді. Сондықтан шетелге барып тезірек ота жасатқым келеді. Ол үшін 65 мың доллар керек. Ақырындап қаражат жинап жатырмын.
Елде 5 мың адам трансплантацияға кезек күтіп жүр. Олардың 126-сы бала. 300-ден астамына бауыр қажет болса, 200 адамның жүрегін ауыстыру керек. Тағы төрт мыңы бүйрекке мұқтаж. Көбіне оларға қажетті ағзаны тірі адамнан алады.
Үш жыл бұрын астаналық Бекболат Шерниязовқа да әйелі донор болған.
Бекболат Шерниязов, қала тұрғыны:
- Отбасым түгел анализ тапсырды. Солардың ішінен әйелім ғана сәйкес келді. Сол кезде жұбайым: «Үш қызымыз бар. Балаларға дені сау әке керек», - деп донор болуға бел буды. Осылайша, 2023 жылы маған ота жасалды.
Биыл 9 айда ел бойынша 208 трансплантация жасалды. Олардың 42-сі мәйіт донорлары. Бұл – теңізге тамған тамшыдай көрсеткіш. Жалпы марқұмның органын алу үшін оның туыстарының рұқсаты керек.
Назгүл Жылгелдина, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары:
Біздегі сияқты мәйіттің ағзасын алу үшін туыстарынан рұқсат сұрайтын ереже әлемнің ешқандай елінде жоқ. Тіпті кәмелетке толған адам тірі кезінде донорлыққа келісімін беріп кетсе де, қайтыс болған соң оның отбасы қарсы болуы мүмкін. Сондықтан бұл заңды өзгерту керек деп ойлаймыз.
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген сауалнама бойынша 180 мың қазақстандықтың 17 мыңы ғана қайтыс болған соң өз ағзасын басқа адамға беруге келіскен. «Яғни түсіндіру жұмыстарын әлі де күшейту керек», – дейді мамандар. Себебі трансплантацияға кезек күтіп жүрген жандардың үміті үзілмеуге тиіс.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Гүлнар Хасан, Мерей Талап
Тегтер #24KZ #трансплантация #донор #ағза доноры #Денсаулық сақтау министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz