Қазақстанда алғаш рет роботтың көмегімен өкпеге операция жасалды.
Оны Алматыдағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының қабырғасында қытай мамандар істеді. Харбиндік хирургтар шеберлік сабағы ретінде екі науқасқа көмектесті. Операцияға Қазақстан дәрігерлері де қатысып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты. Елдің өзге өңірінен келген мамандар монитор арқылы қосылды. Робот күрделі операцияны кішкентай тілік арқылы жасауға мүмкіндік береді. Бұл науқастың тезірек сауығып кетуіне ықпал етеді. Енді қазақстандық дәрігерлер жаңа технологияны толық меңгеру үшін Қытайға аттанады.
Сюй Шидун, Харбин медицина университеті онкологиялық ауруханасы торакалды хирургия бөлімінің меңгерушісі /ҚХР/:
- Роботтың көмегімен операция жасау дәрігерлердің мүмкіндігін кеңейтеді. Бірақ робот хирургті алмастыра алмайды. Ол тек дәрігердің көмекшісі. Операция кезінде барлық әрекетті хирургтің өзі басқарады. Мұндай технологияны қолдану үшін арнайы дайындық қажет. Бұл әдіс Қазақстанда да кеңінен қолданылып, көп науқасқа көмектеседі.
Жасұлан Ибраев , Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы өкпе хирургиясы бөлімшесінің жетекшісі:
- Қазақстанның медицина саласында, денсаулық сақтау саласында тарихи сәт. Болашақта әрбір өңірде осындай роботтар қолданылады деген ойдамыз. Қазіргі таңда Сызғанов институтында, одан бөлек мен білетін Түркістан облысында осындай роботтармен кеудеішілік ағзалар емес, құрсақ қуысындағы ағзалар, асқазанға, урологиялық операциялар жасалып жатыр.
Тегтер #робот #Өкпе #операция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz