RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда астан ұшынған оқушылар ауруханаға түсті

14.10.2026, 20:15 30

Алматыда астан ұшынған оқушылармен байланыста болған 225 адам медициналық бақылауға алынды. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Бұған дейін 48 оқушының жіті ішек инфекциясымен ауруханаға түскенін айтқан едік. Республикалық физика-математика мектебінің ғимаратында дезинфекция жүргізілді. Мектеп пен асхана жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін мектеп алдында абыр-сабыр ата-ана да, ойнап-күлген бала да байқалмайды. Таңнан бері тым-тырыс. Қақпаға құлпы ілініпті. Осы жәйттен кейін қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мектеп асханасын тексерді. Мамандар су мен тағамнан сынама алып, асхана қызметкерлерінің де денсаулығын бақылауда.

Алма Ахметова, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– «Master Food» ЖШС-нің ас блогын тексеру барысында санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары сақталмаған. Су мен тамақ өнімдерінің сынамалары, шайындылар, ас блогының қызметкерлері тексерілді.

Қазір ауруханада 48 оқушы емделіп жатыр. Оның 36-сы 14 жасқа толмаған жасөспірімдер. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы науқастар 2 күн бұрын жеткізіле бастапты. Қазір балалардың жағдайы жақсарып келеді.

Ержан Сералин, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:

– Барлық балаларға қажетті медициналық шұғыл емдері жасалып, қазіргі таңда барлық балалардың жағдайы тұрақты. Өзгерістер қазір оң жағымен келе жатыр. Барлық керек емнің бәрі қабылданып жатыр.

Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 304-бабы, яғни санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу фактісі бойынша іс қозғады. Тергеу амалдары аяқталған соң оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады.

Ернұр Рысбай, тілші:

– Науқастармен байланыста болған адамдар да медициналық бақылауда. Ал мектептегі оқушылар 16 қазанға дейін онлайн білім алады. Интернатта қалғандары ата-аналарына немесе жақын туыстарына тапсырылды.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz