Бүгін дүниежүзілік сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күрес күні.
Біздің елде жыл сайын 5 мыңнан астам әйелден қатерлі ісіктің осы түрі анықталады. Дегенмен, ауру ерте белгілі болған жағдайда, ем нәтижелі болып, сүт безін сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Бұл үшін тұрақты скринингтен өту маңызды. Уақытылы тексерілуді кейінге қалдыруға болмайды, дейді дәрігерлер. Сонымен әйел адам қандай белгілерге назар аударуы керек?
Индира Баймағамбетова денесіндегі өзгерісті алғашында өзі байқайды. Көп ұзамай дәрігерге жүгінеді. Тиісті тексерулерден кейін мамандар сүт безі қатерлі ісігін анықтайды. Аты жаман аурудың әлегі оңай болған жоқ, дейді ол. Әйтеуір асқындырмай дереу ем қабылдағаны жақсы бопты.
Индира Баймағамбетова, емделуші:
- Бастапқы уақытта әрине өте ауыр болды бұл жағдайды қабылдау. Өмірім тоқтап қалғандай болды. Бірақ жақындарымның арқасында өзімнің отбасым, достарым, сыныптастарым, және дәрігерлердің арқасында бұл жағдайды қабылдау жеңілірек болды. Яғни барлығы қолдау жасап, барлығы дұрыс болатынын айтып, мен химиотерапияға жаттым.
Индира обыр ошағына операция жасатып, сүт безін сақтап қалды. Бұл жағдай скринингтік тексеруден өтудің маңызын көрсетеді. Әсіресе жақын туыстары онкологиялық ауруға шалдыққан әйелдер сақ болғаны жөн. Қатерлі ісік бірінші сатысында анықталса, емнің нәтижелі болу ықтималдығы 90 пайызға дейін жетеді.
Алмаз Байжігітов, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-маммологы:
- Ең алдымен, әйел өзі сүт безінде қандай да бір өзгерістерді байқауы мүмкін. Мысалы, түйін немесе тығыздалған жердің пайда болуы, тері түсінің өзгеруі, сүт безі пішінінің өзгеруі, емізіктен қан аралас бөлінді шығуы. Сондай-ақ тері лимон қабығына ұқсап кетуі мүмкін.
Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған ұлттық скрининг бағдарламасы 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 19 мыңнан астам әйелден дерт бірінші және екінші сатысында анықталған. Скрининг аясында 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер маммографиядан тегін өтеді. Бұл шалғай аудандарда тұратын тұрғындар үшін де қолжетімді. Қазір бірнеше өңірде пилоттық жоба аясында жылжымалы медициналық кешендер іске қосылған. Олар компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу және маммография аппараттарымен, сондай-ақ зертханалармен жабдықталған. Дерт ерте сатысында анықталған жағдайда сүт безін сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Әсем Тоғызбаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-маммологы:
- Органды сақтап қалу операциясы ол ісіктің көлеміне, ісіктің орналасуына ошақтың, қатерлі ісік ошағының бірнеше болуына байланысты. Және де сатысына байланысты. Егер де сүт безінің қатерлі ісігі бастапқы сатысында болса, біз 95 пайыз органды сақтап қалу операциясын жасаймыз.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында нәзік жандылар үшін Ашық есік күні өтеді. Іс-шара «Қызғылт қазан айы» науқаны аясында 31 қазанда ұйымдастырылады.
Авторлары Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов
Тегтер #Елімізде #сүт безі қатерлі ісігі #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz