RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда сүт безі обырының 17 мыңнан астам жағдайы ерте сатыда анықталды

15.10.2026, 16:46 39

15 қазан – Дүниежүзілік сүт безі обырына қарсы күрес күні. Қазақстанда ұлттық скринингтік бағдарлама аясында осы аурудың 17 мыңнан астам жағдайы ерте сатыда анықталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Ведомствоның мәліметінше, 2008 жылдан бері елімізде сүт безі обырының 19 018 жағдайы тіркелген. Оның 17 186-сы аурудың I және II сатыларына тиесілі.

Сүт безі обыры Қазақстан әйелдері арасында ең жиі кездесетін онкологиялық ауру саналады. 2025 жылы елде осы дерттің 5 743 жаңа жағдайы анықталған.

Скринингтің арқасында ауруды асқынған кезеңде анықтау көрсеткіші де төмендеген. Атап айтқанда, III–IV сатыдағы жағдайлар саны 2011 жылғы 66-дан 2025 жылы 16-ға дейін азайған.

Қазір 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер тіркелген емханасында екі жылда бір рет маммографиялық скринингтен тегін өте алады. Тексеру ауру белгілері пайда болмай тұрып, сүт бездеріндегі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік сүт безі обырына қарсы күрес күніне орай Қазақстанда «Қызғылт қазан» ақпараттық науқаны жалғасып жатыр. Оның аясында еліміздің өңірлерінде ашық есік күндері мен онколог-маммологтардың тегін консультациялары ұйымдастырылуда.

2025 жылы осындай тексерулерден 8 400-ден астам әйел өткен. Нәтижесінде 3 337 әйелден сүт бездерінің түрлі патологиялары анықталып, 144 жағдайда сүт безі обыры тіркелген.

31 қазанда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ашық есік күні өтеді. Әйелдер онколог-маммологтың кеңесін тегін ала алады.

Денсаулық сақтау министрлігі әйелдерді скринингтен уақтылы өтуге шақырады. Мамандар сүт бездерінде қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда жоспарлы тексеруді күтпей, дәрігерге қаралу қажеттігін ескертеді.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz