RU
Толық нұсқаға өту

Елде жыл сайын 40 мың адамнан қатерлі ісік анықталады

15.10.2026, 18:15 36

Елордада қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілдерін тылқылайтын Best of ASCO Kazakhstan 2026 халықаралық конференциясы басталды. Еліміздің және әлемнің үздік-дәрігерлері жиналған жиын екі күнге созылады. Жыл сайын өтетін дәстүрге айналған конференцияға бұл жолы 300 маман қатысуда, деп хабарлайды 24KZ.


Қатерлі ісік – қауіпті ауру. Дегенмен дауасыз дерт емес. Қазақ «жаман ауру» атап кеткен кеселдің бұл түріне шалдыққан науқастардың бес жыл өмір сүру көрсеткіші елде 65%-ға жетті. «Бұл – біздегі онкологияға қарсы тың технологиялардың көбейіп, медицина мамандарының біліктілігі артқанының жемісі», - дейді дәрігерлер. «Аты жаман аурумен» арпалысып жүрген ақ халаттылар бүгін бас қалада бас қосты. Осымен төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан конференцияға бұл жолы Қазақстан мен шет мемлекеттерден 300 маман келген. Мақсат – тәжірибемен бөлісіп, ем-дом шараларының жаңа түрлерімен танысу.

Қуантқан Жабағин, ядролық медицина орталығының жетекші маманы:

–  Осы конференцияның нәтижесінде соған дейін біз талқылай алмаған барлық дәрігер-онкологтар АҚШ-қа барып, конференцияға бармайды ғой. Сондағы ең үздік баяндамаларды әкеліп таныстыру. Біздің онколог дәрігерлерді үйрету. Қазақстанда жыл сайын он мыңдаған дәрі тіркеуден өтеді. Ол ассоциацияның да үлкен еңбегі жатыр. Ассоциацияның айтқан нұсқаулықтары, жаңалықтары міндетті түрде Денсаулық сақтау министрлігімен қабылданады.

Екі күнге жалғасатын басқосу үш бағыт бойынша өтеді. Халықаралық ғылыми конференция, Науқас пен дәрігер форумы және жас ғалымдар байқауы. Отандық және шетелдік мамандар онкологияға қарсы күресте Қазақстанның медициналық әлеуетін жоғары бағалайды. Өйткені қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға препараттардың көбі тегін беріледі. Мұндай мүмкіндік әлем елдерінің 30 пайызында ғана бар екен. Ал ең қажетті деген дәрі-дәрмектің 40 пайызы өзімізде өндірілетін деңгейге жеткен.

Нұрлыбек Асылбеков, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

– Мемлекет тарапынан үлкен қолдау жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 2012 жылдан бері 800 млрд теңгеге жуық ақшаға қазақстандық өндірушілердің тауарларын біз сатып алғанбыз Тағы да 400 млрд-қа қазір мемлекет тарапынан келісімшарттар жасалып, бұл мәселе бойынша да әрі қарай өз жалғасын табады.

Майя Джугашвили, онколог-дәрігер:

- Мұндай ауқымды форумдардың маңызы зор. Себебі мұнда онкология саласындағы соңғы жаңалықтар мен ғылыми зерттеулердің нәтижелері талқыланады. Науқастарды емдегенде тек ғылыми тұрғыдан дәлелденген мәліметтерге сүйенуіміз керек. Бүгін мен өкпе обыры туралы баяндама жасаймын. Бұл – қазіргі таңда өте өзекті мәселелердің бірі. Өйткені өкпе обыры Еуропа мен Америкада ғана емес, Қазақстанда да кең таралған онкологиялық аурулардың қатарында.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 40 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. 200 мыңнан астам адам ресми тіркеуде тұр. Ақ халаттылар қоғамда аурудан айығыпты дегеннен гөрі кеселдің ілмегіне ілінді деген жаңалық белең алған дейді. Демек қатерлі деген ауруға да қарсы тұруға қауқар бар.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Ерзат Заитхан.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz