Жыл басынан бері елде екі мыңнан аса адам иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған.
Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық конференцияда айтылды. Мамандардың пікірінше, қауіпті инфекцияны анықтайтын тексерулер қолжетімді болуы қажет. Сонымен қатар бұл дерттің қаупі туралы бала кезден үйрету мәселесі көтерілді.
Елімізде адамда иммунитет тапшылығы вирусының бар-жоғы тегін тексеріледі. Дерт расталса, мемлекет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, тегін медициналық көмек көрсетеді. Өкінішке орай, биыл осы кеселді жұқтырғандардың 56 пайызы ауруы асқынғанда бір біліпті. Себебі Адамның иммунитет тапшылығы вирусы әуелгі кезде көп жағдайда симптомсыз жүреді. Қазір 36 мыңнан аса адам медициналық бақылауда тұр.
Роза Қуанышбекова, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры:
- Бұл дертті дер кезінде анықтау маңызды. Уақытылы ем басталса, толыққанды өмір сүру мүмкіндігі артады. Алайда көпшілік бұл ауру туралы біле бермейді. Сондықтан адамдар дәрігерге кеш жүгінеді. Тіпті ауруы асқынғанда бір-ақ келетіндері бар.
Бүгінгі конференцияға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері және шетелдік дәрігерлер қатысты. Жиында Орталық Азия елдерінің медицина саласындағы байланысын нығайту мәселесі көтерілді. Дәрігерлер қай елде болса да жыныстық және санитарлық тазалықты сақтау маңызды, дейді.
Гүлнар Сәрсенбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:
- Халыққа бұл дерттің қаупі туралы қарапайым тілмен жеткізу қажет. Әсіресе жастар мен жасөспірімдерге. Себебі олар хабарсыз. Бұл ауруға шалдыққандардың 60 пайызға жуығы жыныстық жолмен жұқтырғандар. Сол себепті жастарымыз инфекциядан сақтану жолын білгені абзал.
Адамның иммун тапшылығы вирусын сыртқы белгілеріне қарап анықтау қиын. Дәрігерлер диагнозды қан талдауларының нәтижесі арқылы қояды. Дерт бастапқы кезеңде анықталса, антиретровирустық ем тағайындалады. Бұл аурудың таралуын тежеп, адамның өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Авторлары Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев
Тегтер #Алматы #дәрігер #АИТВ #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz