RU
Толық нұсқаға өту

Көзілдірік таққан бала көбейді

18.10.2026, 13:33 34

Былтыр елде 53 мыңнан астам оқушыға көз аурулары диагнозы қойылды, деп хабарлайды 24KZ.

Оның ішінде 33 мыңға жуық балада миопия анықталған. Яғни жақынды көреді, алысты көрмейді. 

Мектеп оқушылары арасында көз көруінің нашарлауы, жүйке жүйесінің бұзылуы мен сколиоз кең таралған аурулардың үштігін құрайды. Оқушылардың денсаулығына үйде де, түзде де жауапкершілік бірдей.

Дана Килибаева, тілші:

- Балалардың көру қабілеті нашарлап барады. Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр елде 53 мыңнан астам оқушыға көз ауруы диагнозы қойылған. Оның 33 мыңға жуығында миопия анықталған. Яғни бала жақыннан жақсы көрсе, алыстан анық көре алмайды. Ал биыл балалар арасында көз ауруларына қатысты 113  901 жағдай тіркелген.

БАЛАЛАР АРАСЫНДА КӨЗ АУРУЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ

2025 ЖЫЛ

53 000+

Оқушыға көз аурулары диагнозы қойылған

СОНЫҢ ІШІНДЕ

≈ 33 000

Балада миопия анықталған

2026 ЖЫЛ · АЛҒАШҚЫ 9 АЙ

113 901

Балалар арасында көз ауруларына қатысты жағдай тіркелген

Балалардың смартфонға телміріп, сағаттап уақыт өткізуі көз жанарына орасан зор зиян келтіріп жатқаны айдан анық. Бұл мәселе айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ ата-аналардың бәрі бірдей экран уақытын шектей бермейді. Мұның салдары балалар арасындағы көру мәселелерінен де байқалады. Астанадағы № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында күніне жүзден астам бала офтальмологқа қаралады. Мамандар көз саулығын сақтап, аурудың алдын алу үшін қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді.

Ғалия Дүйсембина, «№ 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК балалар офтальмолог дәрігері:

- Қазіргі таңда балалар арасында көп тараған көз бұзылыстарының бірі миопия. Сонымен қатар астегматизм, гиперметропия, көз қылилығы және басқа да көз мәселелері бар. Егер бала далада, тазау ауада, күннің көзінде жүретін болса, онда ол миопияның әрі қарай дамуын алдын алады. Дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау және уақытында тексерістен өтіп отыратын болса, онда біз көру қабілетін бұзылыстарын алдын ала аламыз және жақсарта аламыз. 

Сұлтан Мәлік тоғыз жасында көру қабілетінің нашарлағанын байқаған. Қазір көз саулығына мән беріп, дәрігерлердің кеңесін ұстанып жүр. Күніне 3-4 сағат телефон қолданғанымен бос уақытында сыртқа шығып, көзге арналған жаттығулар жасауға тырысады. Жасөспірімнің сөзінше, осындай күтімнен кейін көру көрсеткіші  жақсарған.

Сұлтан Мәлік, оқушы:

- Бұл жерге келгенім арқылы көзім өте жақсы көре бастады. Менің көзім -4 тен, -3 ке дейін түсті.  Пазл құраймыз, көздің жаттығуларын жасаймыз. Көзілдірікті уақыт өткен соң ауыстыру сияқты жаттығуларды жасаймыз. Кітаптарды оқимыз.

Офтальмологтан бала "нашар көремін" деген кезде емес, жасына сәйкес профилактикалық тексеруден өткенде қаралғаны маңызды. Себебі бүлдіршіндердің көзі - ел ертеңінің көзі. Олардың жанар нұры сөнбей, жақсылық атаулыны өзгеден бұрын көріп өсуі үшін бүгіннен бастап қам жасаған жөн, дейді мамандар.

Авторы Дана Килибаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz