Астанадағы Pink Run ерекше марафоны өтті.
Спорттық шара сүт безі обырына шалдыққан әйелдерді қолдауға арналған. Ауқымды қайырымдылық акцияға қатысқандар қатарында қауіпті дертті жеңіп шыққан жандар да бар.
Айым Нұрланова үш баланың анасы. Қауіпті дертке шалдыққанын өзі байқап, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Сондықтан отандастарын қатерлі ісіктен қорықпауға шақырды.
Айым Нұрланова, қала тұрғыны:
- Көп адам ауырып жүргенін ешкімге айтпайды. Бұл дұрыс емес. Өзіңді іштей жегі құрттай жеуге болмайды. Адам әрқашан мықты бола алмайды. Көмек сұрауға ұялмау керек. Бірнеше маманға қаралып, қалай дұрыс әрекет ету керегін сұраған дұрыс. Жалпы азаматтар бұл ауру туралы көбірек ақпарат білуі керек.
Осы мәселеге назар аудару үшін Астанада Pink Run ерекше марафоны ұйымдастырылды. Оған қатысушылар сүт безі обыры және оны ерте диагностикалаудың маңыздылығы туралы ақпарат алды.
Блиц:
- Осы уақытқа дейін негізі ол жайлы естідім. Бірақ қатты білмегем ондай проблема бар екенін. Осы іс-шара арқылы осындай проблема бар екенін біліп, қолдау ретінде жүгіруге қатыстым.
- Негізі мен жүгіруге қатысқанмын. Бірақ осы жүгірудің арқасында осындай бір дерт бар екенін, оның алдын алу керегін, осымен ауыратын адамдар бар екеніне көзім жетті.
- Бұл біз үшін өте өзекті мәселе. Қатысушылар билеттерді бір сағаттың ішінде жаппай сатып алып кетті. Үлгірмей қалған адамдар да осында келіп, акцияны қолдау үшін жүгірді.
- Негізі сүт безі обырының ерте профилактикасы өте маңызды мәселе болып табылады. Өйткені бастапқы кезеңінде айқындалатын болса, онда емдеу мүмкіндігі жоғары болады. Сол себепті осы профилкатиканы және сүт безі обырына скрининг өту маңызды деп ойлаймыз.
Жүгіруге 550-ден астам адам қатысты. Олар 1,3 және 3,9 шақырым қашықтықты бағындырды. Ал алғашқы болып тіркелген 50 әйелге сүт бездерінің скринингтік тексеруінен тегін өту мүмкіндігі беріледі.
Мұратжан Сақтағанов, ұйымдастырушы, онколог дәрігер:
- Әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі онкологияның ішінде бірінші орында тұр. Жыл бойы бес жарым мыңнан аса әйелдерде анықталады. Бірақ көбісі емделіп кетіп жатыр. Қатерлі ісік, рак деген науқастан біз қорықпауымыз керек. Уақытылы анықталса, емделсе адам әрі қарай өмір сүріп кете береді. Осы мәліметті жеткізу мақсатымен осындай марафонды өткізіп жатырмыз.
Қайырымдылық акциясы осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылдың өзінде бірнеше қалада өтті. Ұйымдастырушылар болашақта Қазақстанның барлық қаласын қамтуды жоспарлап отыр.
Авторлары Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов
Тегтер #сүт безі обыры #Pink Run #марафон #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz