Енді міндетті әлеуметтік сақтандыру мәртебесі болмаса да, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрлігі Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларына осындай өзгеріс енгізіп жатыр. Жаңашылдық келер жылы күшіне енеді. Азаматтар сақтандырусыз нақты қандай жәрдем ала алады? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Емханаға бара қалсаңыз, алдымен сақтандыру мәртебесінің бар-жоғы сұралатыны жасырын емес. Бүгінде жарна төлемеген азаматтар бірқатар тексеруден өте алмай келеді. Денсаулық сақтау министрлігі мәселенің шешімін қарастырып, медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін іске қосқалы жатыр. Келер жылдың бірінші қаңтарынан қазақстандықтар МӘМС-тегі мәртебесіне қарамастан қан мен зәрдің жалпы талдауын тапсырып, денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштерін өлшей алады. Сондай-ақ тұрғындарға электро-кардио-графия, пульсо-ксиметрия, флюорография, ультра-дыбыстық және жекелеген функционалдық зерттеулерден өтуге жол ашылады.
Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
– Қазіргі таңда аталған қызметтер егер пациент МӘМС жүйесінде сақталмаған болса, мемлекет, жұмыс тарапынан сақтандыру мәртебесіне ие болмаса, ол тек дәрігер қабылдауы, дәрігерге дейінгі 1-2 кабинеттен талдау ғана өтуге мүмкіндігі болатын. Сондықтан 2027 жылдан күшіне енетін базалық медициналық көмектің ең басты мақсаты – ауруларды ерте бастан анықтау.
Өзгерістердің тағы бір маңызды бағыты – халықты скринингтен өткізу жүйесін цифрландыру. Келер жылы скринингке шақыру туралы автоматтандырылған хабарлама іске қосылады.
Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
– 2025 жылға дейін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қан айналымы жүйесінің аурулары, қант диабеті және глаукома бойынша скринингтен өтуге мүмкіндік болды. Ал онкологиялық ауруларды, атап айтқанда, жатыр мойны обырын, сүт безі қатерлі ісігін және колоректальді обырды ерте анықтауға арналған скринингтерден жас ерекшелігіне сәйкес сақтандыру мәртебесіне қарамастан өтуге болады. Бұл жаңашылдық шамамен 300 мың азамат үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Екіншіден, скринингтік тексерулердің жас шегі де кеңейтілді. Бұрын тексерулер 70 жасқа дейін жүргізілсе, 2025 жылдан бастап жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде скринингпен қамтылатын азаматтар санын арттыруға мүмкіндік берді.
Астанада 5-ші қалалық емханадағы жедел жәрдем көмегіне былтырғы 9 айда 7 мыңнан астам адам жүгінген. Биылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіш 8 мыңнан асады. Олардың арасында сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтар болған екен. «Алайда ол тұрғындардың шұғыл қажетті көмек алу құқығын шектемеді», – дейді мамандар.
Алтыншаш Табулдина, №5 қалалық емханасының бас дәрігері:
–Жедел жәрдемге осы 9 айда 9 мың адам жүгінген. Біздің емханадағы шұғыл көмек көрсету орнына 6 мыңнан астам адам келген. Оның ішінде 3-4 пайызы сақтандырылмаған адамдар болды. Сақтандыруы жоқ адамдар бүгінгі күні көмек ала алады. Барлығы сақтандырылғанда ғана беріледі деп айтуға болмайды. Біріншіден, ол азаматтарға жедел жәрдем көмегі, шұғыл көмек, вакцинация беріледі ұлттық календарь бойынша.
Сақтандыру мәртебесіне қарамастан алғашқы зерттеулердің қолжетімді болуы халық үшін аса маңызды.
Саладағы өзгерістер азаматтардың дер кезінде тексеруден өтуіне жол ашады. Ол үшін емдеу мекемелері жаңашылдықты келер жылдан бастап сапалы іске қосуы қажет.
Авторлары: Альмира Оразбай, Жандос Битабаров
Тегтер #Медициналық қызмет #сақтандыру #ДСМ #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz