RU
Толық нұсқаға өту

Ерте анықталған дерт тиімді емделеді

20.10.2026, 20:10 35

Мемлекеттік скрининг бағдарламасының арқасында сүт безі обырының 17 мыңнан астам жағдайы ерте кезеңде анықталды. Мамандардың айтуынша, ауруды уақытылы анықтау емнің нәтижелілігін арттырады. Заманауи медицина сүт безін сақтап қалуға, тіпті емнен кейін ана атануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24KZ.

Эльмира Әленова – есепші, бір баланың анасы. 2024 жылдың соңында оның өмірі күрт өзгерді. Оған сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Оның сөзінше, алғашында бұл жағдайға сену қиын болды. Бір жарым жыл ем қабылдап, толық аяқтады. Алайда денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауды жалғастырып келеді.

Эльмира Әленова, Ұлттық ғылыми онкология орталығының пациенті:

- Біздің қоғам қатерлі ісікке әлі де жеткілікті мән бермейді. Алғашында болған жағдайға сену қиын еді. Кейін операциядан соң онкология орталығында тегін психолог көмегіне жүгіндім. Бүгінде ем толық аяқталды. Дегенмен денсаулығымды бақылаусыз қалдырмаймын. Жыл сайын қаралып тұрамын. Жалпы мемлекет тарапынан да үлкен қолдау бар.

Қазіргі медицина сүт безін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Биыл алғашқы жартыжылдықта 150 операция жасалып, әр үшіншісі ағзаны сақтауға бағытталды. Емнен кейін ана атану мүмкіндігі де бар. Мамандар бала жоспарлаған әйелдерге химиотерапияға дейін репродуктологпен кеңесуді ұсынады.

Әсел Сәдуақасова, Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкомаммологы:

- Онкофертильдік – Қазақстанда енді дамып келе жатқан бағыт. Емнен кейін жағдайы тұрақтанған әйелдер жүктілікті жоспарлай алады. Сондықтан бала сүйгісі келетін науқастарға химиотерапияға дейін репродуктологпен кеңесу ұсынылады.

Қазақстанда жыл сайын 5700-ге жуық адамнан сүт безі обыры анықталып, 1200-ге жуық әйел дерттен көз жұмады. Скринингтің арқасында кейінгі жылдары 17 мыңнан астам жағдай ерте кезеңде анықталды.

Диляра Қайдарова, Қазақстан онкологтар қауымдастығының президенті:

- Сүт безі обыры ана, апа-әпке немесе әже арқылы тұқым қуалауы мүмкін. Сондықтан соңғы үш-төрт ұрпақтағы сүт безі, аналық без, эндометрий және ішек обыры жағдайларына назар аударған жөн.

«Көзге аса байқала бермейтін дерттің басты белгілері – сүт безінде түйіннің пайда болуы, емшек ұшының ішке тартылуы немесе терідегі өзгерістер», – дейді мамандар. Елде сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек обырына скрининг тегін жүреді. «Уақытылы тексерілу – өз өміріңізге деген жауапкершіліктің белгісі», – дейді дәрігерлер.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz