RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытау облысында аурухананың құрылысы жанданды

21.10.2026, 08:32 40

Ұлытау ауылындағы аурухананың құрылысы қайта жанданды, деп хабарлайды 24KZ.

Құрылыс жұмыстары бұдан 4 жыл бұрын басталып, түрлі себеппен аяқсыз қалған еді.  Енді жауаптылар нысанды жыл соңына дейін тапсырамыз деп отыр. Бұдан бөлек биыл өңірдегі  шалғай ауылдарда 3 медициналық мекеме салынды. 

Бұл аудандағы типтік үлгіде салынып жатқан тұңғыш аурухана. Нысанның тапсырылуын тұрғындар мен аурухана ұжымы асыға күтіп жүр.  Ескі ғимарат талапқа сай келмейді. Ширек ғасыр бұрын балабақшаға лайықталып салынған.

Замира Жаңбыршиева, аудандық аурухана директорының орынбасары:

- Санитарлық нормаға сәйкес келмейді, кабинеттер жетіспейді. Мысалы бір кабинетте екі маманнан отырады. Жаңа больницаға үміттеніп күтіп жүрміз. Тездетіп бітсе, біз оған қуаныштымыз. 

Жаңа аурухананың құрылысы 4 жыл бұрын басталған еді. Алайда аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Алғашында сметалық құжатқа түзету енгізілді, кейін жобаға қосымша блок қосу қажет болып, тоқтап қалды. Ал құрылыс қарқын алған кезде,  құрылыс алаңында жерасты суы көтеріліп кетті.

Азатбек Бектұрған, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс бір рет тоқтап жалғасты. Құрылыс монтаж жұмыстары барысында үшінші блоктың катлованын қазу барысында жерасты суының пайда болуына байланысты қайтадан зерттеу жүргізіліп, сол блоктың басқа жерге көшірілуіне байланысты 1 жылдан аса уақытқа созуға мәжбүр болды. 

Құрылыстың шамамен 85 пайызы аяқталды. Мердігер компания негізгі күшті нысан айналасын абаттандыруға  жұмылдырған. Жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырамыз деп уәде беріп отыр.

Әбдібек Тәуекелов, мердігер компания өкілі:

- Құрылыстың басым бөлігі еңсерілді. Жылу мен су желісі тартылды. Тек ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалды. Қазір күн суытпай айналасын абаттандыру жұмыстарын жасап алуды көздеп отырмыз. Нысан басында 65 адам жұмысқа тартылған.

Құны 3,5 млрд теңге болатын жоба «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бес блоктан тұратын аурухана толықтай заманауи құралдармен жабдықталады. Күндізгі стационар 30 орынға арналған. Ал емханасы күніне 100 адамды қабылдауға қауқарлы.

Авторлары Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz