RU
Толық нұсқаға өту

Маңғыстау облысында балалар арасында көз аурулары көбейген

22.10.2026, 08:20 37

Маңғыстау облысында 18 мыңға жуық баланың көру қабілеті нашарлаған. Жыл басынан бері жүргізілген скринингтік тексерулердің нәтижесі көңіл көншітпейді, деп хабарлайды 24KZ.

Дәрігерлер: «Дерттің бірден-бір себебі – түрлі гаджеттерге ерте жастан үйір болу», - дейді. Ақ халаттылар күнұзақ экранға тесіліп қарауды әдетке айналдырған жеткіншектерге миопия, яғни алыстан көрмеушілік диагнозын қойған. Әсіресе, телефонға телмірген жастар арасында көз ауруы көбейіп барады.

Ясмина Ерболқызы жеті жаста. Әкесі оның теледидардан мультфильм қарағанда экранға тым жақын отыратынын байқапты. Офтальмолог-дәрігер көзін тексерген соң алыстағы заттарды анық көрмейтінін айтқан. Миопия диагнозы қойылған қыз баланың жарты жыл сайын көзілдірігін ауыстыруға кеңес берілген.

Ербол Жантоқов, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Телефон қарайтын еді үйде, сосын теледидар қосып бердік. Мультфильм қарайды, сірә. Сол теледидарға тұрып, жақындап қарайтын болды, содан көзі дұрыс емес екенін байқадық.

№2 емханадағы көз ауруларын емдеу кабинетіне кезек күткен адам көп. Ақ халатты мамандар күніне 25 балаға дейін қабылдап, көздің бұлшықетін шынықтыруға арналған жаттығуларды жасатады. Көру қабілеті нашарлаған балалардың кейбірі балабақшаға барады. Дәрігерлер жарығы бәсең бөлмеде телефон қараудың, тіптен кітап оқудың көзге зиянды екенін айтады.

Орынгүл Исабайқызы, №2 емхананың мейірбикесі:

– Бұл кабинетте балалардың миопиа, астигматизм, амблиопия, косоглазие диагноздарымен балаларды «Ая релакс» деген бағдарламалармен көзіне ем алады. Мына жерде қазір миопиа бала келіп отырған, бүгін бірінші емін бастап жатыр. 10 күн көлемінде ем жүргіземіз.

2025 жылы облыс бойынша 14 жасқа дейінгі 19 мың баладан көз аурулары анықталған. Ал биылғы 9 айда жүргізілген скринингтік тексерулердің нәтижесінде 18 мыңға жуық балаға алғаш диагноз қойылған.

Баян Жәрдемова, №2 емхананың офтальмолог-дәрігері:

– Балалардың алыстан көрмейтіні жиі байқалуда. Себебі олар кішкентай кезінен бастап гаджеттерді көп уақыт пайдаланады. Ата-ананың бала тыныш отырсын деп қолына телефон беріп қоятыны үйреншікті көрініске айналды. Қазір балабақшада, мектепте интерактивті тақта жиі қолданылады. Үлкен экранға жақыннан ұзақ тесіліп қарау көзге зиянды. Ең болмаса үйде баланың телефон ұстауын барынша шектеу керек.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Ресми деректерге сүйенсек, қазір елімізде 29 мыңнан астам бала көз ауруларына шалдыққан. Олардың 18 мыңына миопия диагнозы қойылған. Әсіресе, 15-17 жастағы жасөспірімдердің арасында көру қабілеті нашарлағандар көп. Дәрігерлер: «Шақырту күтпей-ақ, өздігімен келіп қаралу көздегі өзгерістерді ерте анықтауға мүмкіндік береді», - дейді. Ата-аналарға перзентінің гаджет пайдалану уақытын шектеп, ұйқы режимін сақтауын қатаң бақылауға кеңес береді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz